Жарияланды: 340

ОҚО тұрғыны кінәлілерді жауапқа тарту үшін ұлының кесілген қолын пакетке салып тасып жүр

ОҚО тұрғыны кінәлілерді жауапқа тарту үшін ұлының кесілген қолын пакетке салып тасып жүр Сурет - gh-club.ru

Оңтүстік Қазақстанда баласының кесілген қолын пакетке салып арқалап жүрген әкесі «бұдан артық қандай дәлел керек» деп, полицейлердің әлі күнге дейін кінәлілерді тауып, жауапқа тартпағына налып отыр.

Ашықтан-ашық жатқан трансформатордағы тоқтан күйген жеті жасар Асылбектің бір қолын дәрігерлер ақыры кесуге мәжбүр болған. Енді баланың аяғын кесуі де мүмкін екен.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Әкесі жеті жасар ұлы Асылбек Мырзабайдың дәрігерлер кескен оң қолының шынтақтан төменгі бөлігін пакетке салып алып жүр. «Тірі адамның қолын көмуге болмайды, биік жерде сақтап қойыңыз» деген молдалар кеңесіне құлақ түрген әкесі, оны әлі арқалап жүр. Сөзінше, Сарыағаштың Абай бөліміндегі тергеушілер трансформатор қожайындарын әлі таппаған. Полицейлер есесіне, кернеулі токты ашық ұстағандарды емес, кернеулі қуаттан зардап шегіп, бір қолынан айырылған хал үстіндегі баламды кінәлап отыр дейді.

«Ол трансформатор, менің балам кінәлі болса, неге ашық-шашық жатыр?! Кешегінде барып видеоға түсірдік. Балалар жанында ойнап жүр. Сол балалардан сұрадық. Не істеп жүрсіңдер десек, ойнап жүрміз дейді. Сол Асылбекпен жасты балалар», – дейді Асылбектің әкесі Асқар Ақтаев.

Абай полиция бөліміне сан мәрте барсам да, мардымды жауап ала алмадым деген жаралы баланың әкесі, аудандағылар істі негізсіз созбалаңға салып отыр деп есептейді. Сөзінше бір айда үш тергеуші ауысып, барлығы да трансформатор есепте жоқ дегенді қайталаған. Сондықтан облыстық департамент басшысының қабылдауына жазылыпты. Ал денесі түгелдей дәкемен таңылған ауруханадағы баласына, бір қолының кесілгенін айтуға батылымыз жетпей отыр дейді.

«Осыны естісе, қолы жоқ екенін. Мен білмеймін, ол бала қандай болып кететінін?! Ертең психологический, мен білмеймін. Психикасы кетіп қалуы мүмкін», – дейді Асылбектің әкесі Асқар Ақтаев.

Ішкі істер департаментіндегілер болса істің тергеуі әлі бітпегенін айтады. Сондықтан, іс тоқтатылды дегенмен келіспейді. Үш тергеуші ауыспады, тек бірінші тергеуші басқа жаққа қызмет ауыстырған деді.

«Бұл жәйт еңбек қорғау қағидасы бойынша біріңғай тергеп тексеру тізіміне тіркелген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр», – дейді оқо ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

Асылбектің ата-анасы құзырлы орындағылардың «трансформатор иесі жоқ, ол ешқандай мекеменің балансында емес» деген жауабына қанағаттанбай отыр. Департамент басшысынан нақты жауап болмаса, олар Астанаға шағым білдіреміз дейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть