Жарияланды: 490

ОҚО-да 2 қарақшылық шабуыл жасап, кісі өлтірген қылмыстық топ ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері қарулы қарақшылық жасап, кісі өлтірген қылмыстық топты жойды, деп хабарлайды ОҚО бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі.

Бірінші қылмыс наурыз айында Арыс қаласындағы оқу орындарының бірінде жасалды. «Түнде төрт адам ғимаратқа басып кіріп, күзетшіні өлгенше ұрып-соққан. Кейін металл кесетін құралмен бухгалтерлік бөлменің құлыптары мен металл сейфтің есігін кескен», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова. Қалай тырысса да, қарақшылар сейфті аша алмаған. Мамандар күзетшінің өліміне «миына қан құйылуға алып келген бас сүйек-миының жабық жарақаты, сол жақ қабырғаларының сынуы» себеп болды деген қорытынды шығарды. Қылмыстық топ бір апта өтпей жатып екінші қылмыстарын жасаған. Бұл жолы Ордабасы ауданының тұрғындары зардап шекті. «Үйге басып кіріп, шолақ мылтықпен отбасы мүшелерін қорқытқан. Олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған екі бала мен 4 әйел болған. Бәрінің аяқ-қолдарын скотчпен байлап тастаған. Жалпы құны Т2 млн болатын ақша мен алтын бұйымдарды алып кеткен», - деді С. Қаракөзова. Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, оперативті-тергеу тобы жүргізген сараптама бұл 2 қылмысты бір топтың жасағанын көрсетті. Күдіктілер2айдан кейін қолға түсті. Бәрі – Арыс қаласының тұрғындары, ең үлкені 25-те, кішісі 19 жаста. «Күдіктілердің бәрі бұған дейін ұрлық, қасақана түрде денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін сотталған, еш жерде жұмыс істемейді, оқымайды», - деп хабарлайды полиция. «Қаруды заңсыз алып жүру», «қарақшылық» және «кісі өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бәрі қамауға алынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть