Ринат Махмұтұлын жұма намазының алдында періштелер сүндеттепті. Бұл туралы жергілікті "Замана" газетіне сілтеме жасап «Алаш айнасы» басылымы жазды.
Таңғажайып оқиғаның алғашқы куәгері — Ринаттың әпкесі Жадыра. Ол түс әлетінде мазасызданған інісін шомылдырып, салқын бөлмеге ұйықтатады. Сәлден кейін шырылдап жылаған дауысты естіп, бөлмеге кірсе, салулы төсекте киімсіз жатқан Ринатты көреді. Таңқаларлығы сол, ұйықтар алдында өзі кигізген шалбары адам қолымен шешкендей, мұқият шешіліпті.
"Аллаға шүкір, — дейді Ринаттың әжесі Әсемгүл апа. — Бұл да бір жаратқан иеміздің кереметі болар. Ринаттың өзі де жұма күні дүниеге келген болатын. Енді, міне, қасиетті жұмада, жұма намазына он минут қалғанда ғайыптан мұсылман болып отыр. Осыдан біраз күн бұрын ғана дәл осылай сүндеттелеген бала жөнінде газеттен оқығанымызды өзара әңгіме еткен болатынбыз. Соның әсері болар, келінім Нилюфар бұл жағдайдан онша шоши қоймапты. Жатқан орнында ешқандай да белгі жоқ. Кесілген жері де екі-үш күн бұрын болғандай жазылып қалған".
Бұл кереметті жақсылыққа жорыған атасы тез арада бір малды сойып, көпшілікті шақырып, құран бағыштатты.
Таңқаларлық оқиғаны естіген мұсылманша сауаты бар кісілер ғайыптан сүндеттелуді сирек кездесетін Алланың кереметіне балайды. Бүгінде Ринатты арнайы барып көріп, құтты болсын айтушылар өте көп.
Ал ата-анасы Бозсу ауылындағы мешіттің имамы Нұрмахан Әбдірахманұлының айтуымен Ринатты ендігі жерде Абдолла деп атауды ұйғарып отыр.