Жарияланды: 530

ОҚО-да зиратты су шайып, марқұмдардың сүйектері өзенге ағып жатыр

ОҚО-да зиратты су шайып, марқұмдардың сүйектері өзенге ағып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданына қарасты Зертас ауылындағы көне зиратқа жерленген мәйіттердің қабірі ашылып, сүйектері жартаста шашылып жатыр. Маңындағы бұлақ пен өзен сумен ағып кеткендері де бар.

Ал суды пайдаланатын елді-мекен тұрғындарына қауіп төніп тұр. Дәл осылай деп дабыл қаққан ауыл белсендісі Түймебай Базаров биліктен араша сұрады, деп хабарлады Отырар телеарнасы.

Маятас аулының тұрғыны Түймебай Базаров былтыр қазан айында қайтыс болған 65 жастағы құдашасын осы Зертас ауылындағы зиратқа жерлеген. Ол жерден  шашылған сүйектерді көргенде шошып, көпке дейін өз-өзінен келе алмағанын айтады. Ескі зираттың бір бөлігін су шайып кеткен. Ал ол суды қарияның айтуынша, Тоғыс, Елтай, Қаратас, Сайрам ауылдарының тұрғындары пайдаланып отыр. Зертас ауылының әкімдігі бұл жағдайдан хабардар. Қандай да бір жұмыс атқаруға аудандағы басшылардың қаржы бөлгенін күтіп отыр. Ал ауылдықтар тез арада шара қолданылмаса, зиратты су шайып кететінін айтуда. «Бұл мәселе біздің назарымызда. Ол жерге көктемде ағаш отырғызып, аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына хат жолдап, бетондауды және судың арнасын бұруды сұрап отырмыз», - дейді Төлеби ауданы Зертас ауылы әкімінің орынбасары Ерлан Сапаров.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін