Орал тұрғындарды құрылысқа наразылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 485.82
  • 554.03
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Орал тұрғындарды  құрылысқа наразылық білдірді

Орал тұрғындарды құрылысқа наразылық білдірді

Оралда көпқабатты үйлердің тұрғындары дүкендердің кесірінен жаппай баспаналарынан безіп кетуге мәжбүр. Тура іргеден бой көтерген сауда орындары шетінен қирап, ел-жұрттың әбден үрейін ұшырыпты. Сөйтсе, үй ішінен ашқан сауда орнын кеңейтпек болған кәсіпкерлер бей-берекет қабырғаларды жылжытқан. Тіпті, өз бетінше терезені тесіп, бүтін бір ғимаратты қирата жаздапты. Сондай оқыс оқиғалардың бірі өткен аптада тіркелді. Шыбын жанын шүберекке түйген оралдықтар енді бірінші қабатта орналасқан дүкен біткенді жауып тастауды талап етіп отыр.

  • 4 Маусым 2014
  • 239
Фото - Caravan.kz

Бұл үйдің қабырғасы осыдан бір апта бұрын қирай жаздаған еді. Бірінші қабаттан дүкен ашқан кәсіпкер екі терезені қоспақ болып, кедергі жасаған кірпіштерін жылжытыпты. Соның салдарынан он екі бірдей отбасы бала-шағасымен бірге далада тентіреп жүр.

Майля Гумарова,Орал қаласының тұрғыны:

Светлана деген дүкен қожайыны мен кінәлі емеспін, үйдің өзі әбден тозған дейді. Сонда мына қабырғаны кім қиратты? Осы уақытқа дейін қақайып тұрған үй. Түк те болмаған. Ал біз енді қайда барамыз? Сол әйелдің кесірінен көше кезіп кеттім. Жасым болса 67-де!

Енді сарапшылар қабырғасы жарылған үй тұруға мүлдем жарамсыз деп тапса, мына шулаған жұрттың бәрі біржола көшеде қалмақ. Қазір жалдамалы құрылысшылар аңқиған жерлерін жамап әлек. Сыртын сылап-сипағанымен, одан қайыр шамалы. Астында осындай дүкен мен кеңселер ашылған басқа үйлердің тұрғындары да қирандының астында қаламыз ба деп қорқады. 


Людмила Лунева,
Орал қаласының тұрғыны:

-Үй ішіндегі құбырларға дейін қозғалып кеткен. Жақында ғана ауыстырғанбыз. Енді міне сынып бітті. Қорқыныштан түнде тұрып тексеретін болдық.

Осылай деп жұрт қанша үріккенімен бүгін-ертең үйдегі дүкендерді жауып тастайын деп құлшынып отырған ешкім жоқ. Кеңселер, сол сияқты бірінші қабаттардан қаулап ашылған коммерциялық ұйымдар әрі қарай да жұмысын істей береді.

Ғалым Орынғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

-Біз бұл мәселені жіті қадағалап отырмыз. Ешкімнің де қабырғаны жылжытып, өздігімен ғимарат іргесін ауыстыруға құқы жоқ. Әрі қарай да бұл мәселе қадағалана береді.

Десе де, қабырғасы құлай жаздаған мына үйден тұрғындар қатты үрейленіп қалған. Сондықтан әкім-қаралардың сөзіне олардың жұбана қоюы екіталай.