Темір тұлпарға қорек қылар, қажет жерге жүріп тұрар бір тамшы бензин таппай сең соққан балықтай сенделіп жүр ел. Сағаттап кезекке тұрғандары бар, тәуліктеп жанармай бекетінің алдында түнеп жатқандары да жетерлік. Енді олар көліктің жүре алмай темір өлікке айналғанына наразы. Ал бензин бекеттерінің бәрінде мынау, шақырымдаған кезек, ашулы адамдар.
Теміржан Исмағұлов, Орал қаласының тұрғыны:
-3 литр бар бензин, болды басқа жоқ. Оол жетпейді барғанша. 20 шақырым жүруім керек.Қонып жатыр кісілер мұнда машинамен. Бензин жоқ.
Түнесе де темір тұлпарға талғажау қылар бір тамшы бензин таппай төзімдері таусылған тұрғындар бүгін шенеуніктерге бас салды. Бірақ атқамінерлер қиналған қарапайым қарашамен жүздеспеді. Сондықтан әкімге жұрттың өзі барды. Көлігінің бактары әбден босаған Данияр бұл. Жол талғамайтын тұлпарын облыс әкімдігі ғимаратының алдына қаңтарып қойды,терезелеріне «Бензин жоқ» деп жазыпты. Ал дереу келген полицейлер алдымен автокөлікті тексерді, расында бензині жоқ. Кейін оны тиеп әкетті. Қарсы шыққан жігіт те жазасыз қалмады.
Данияр Жұмабаев, Орал қаласының тұрғыны:
-Бензиннің жоқ екенін әкімдікке көрсеткім келеді. Олар бензин бар дейді, бірақ қайда? Әлде шенеуніктер басқа әлемде өмір сүріп жатыр ма?
Бірақ Данияр дүрліккендей батыстық шенеуніктерқұс жастықта жатпаған көрінеді, іздепті олар да бензинді. Өздеріне де қажет болса керек. Сөйтсе, Қазақстанның мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттарының өнімділігі аз екен, ал Ресейден керекті мөлшерін сатып алып үлгермепті.
Мұрат Бәйменов, БҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
-Мен «ҚазМұнайГаз өнімдері» компаниясымен хабарластым, олар Ресейден мол жанармай алыпты. Жуырда келеді, аптаның соңына қарай бензин жеткілікті деңгейде бұрынғыдай беріледі.
-Бір ғана Оралда жанармай сатумен айналысатын 11 компания бар, олардағы АИ-92 маркалы бензиннің қоры қазір 1087 тоннаға тең. Бірақ қапылған қарашаға қақсып жатырмыз деп сатпай отырғандарының сыры неде екенін ешкім тап басып айта алмады. Қазір мұнайдың үстінде отырып бензин таппай қысылған біздің ел Ресейдің ірі компанияларымен қосымша келісімшарт жасасқан, оған сәйкес қыркүйектің алғашқы ширегіне дейін Қазақстанға 34 мың тонна жанармай жеткізілмек. Ал қыркүйектің аяғына дейін тағы 176 мың тонна жанар-жағар май сатады бізге Ресей.