Жарияланды: 360

Оралда қорлық көрген сарбаздар командирінен таяқ жеген сәтін таспаға түсіріп шағымданды

Әскери бөлімдегі айқай-шу! Оралдағы 5517 бөлімінде келісім шарт негізінде қызмет ететін жауынгерлер командирлерінен қорлық көрдік деп мәлімдеді. Тіпті басшының былапыт сөз айтып, балағаттағанын таспаға түсіріп алыпты. Ал онда расымен командирдің қызметкерлерге дауыс көтеріп тіпті ақша сұрап жатқанын анық аңғаруға болады. Иектерінің астында болып жатқан жәйттен тек бөлімше басшылығы хабарсыз. 

Жауынгерлерді жерден алып, жерге салған басшының бұл былапыт сөзі мен әрекетін қол астындағы қызметкерлері жасырын түсіріп алған. Онда рота командирі Азамат Хамсиннің офицерлермен қалай дөрекі сөйлесетінін анық аңғаруға болады. Шектен шыққан шендінің әрекеті бәрін мезі қылған сыңайлы. Сарбаздардың бірі басшысымен болған кикілжіңде тіпті төбелесуге дейін барған. 

-Ұрмаңызшы мені капитан мырза!

Ал мына азамат өзінің бет жүзін көрсетуге үзілді-кесілді қарсы. Ол да аты аталған командирден талай құқай көргенін айтады. Бірақ басшының шектес тыс әрекетіне шыдамай жұмыстан шығып тыныпты. Айтуынша, Азамат Хамсин қол астындағы қызметкерлердің бәріне күн көрсетпейді екен.

№5517 әскери бөлімінің бұрынғы қызметкері:

-Осылай офицерлерге тиісе берсе кім шыдайды оған. Екіші атқыштар ротасында қызметкерлер жиі ауысып жатады. Себебі мұндай басшымен ешкім жұмыс істегісі келмейді.

Мына кадрлар да дәл осы әскери бөлімшеде түсірілген. Командир Азамат Хамсин бұл жолы жауынгерлерден ақша талап етуде. Сөзіне сенсек,  қаражат қара басына емес, бөлімшенің қажеттіліктеріне керек екен.

Аты аталған бөлімше басшылары бұл жағдайдан хабарсыз екен. Айтуларынша, ешқандай арыз түспеген. Дегенмен ғаламторға тараған таспа жұмыстан қуылған сарбаздардың командирден өш алу мақсатындағы әрекеті деген пікірде.

Аян Есжанов, №5517 әскери бөлімінің командирі:

–Бұл жұмыстан қуылған жауынгерлердің әрекеті болуы мүмкін. Өш алу мақсатында олар командирді әдейі таспаға түсіріп, ақпарат құралдарына жариялаған.

Бір белгілісі бейнетаспадағы басты қаһарман бұл қызметке бес ай бұрын тағайындалған екен. Әскери салада 11 жыл тер төккен Азамат Хамсин Оралға Ақтаудан ауысып келіпті. Басшылар оның жұмысына тек оң баға беріп отыр. Соған қарамастан осы жағдайдан кейін әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін