Жарияланды: 410

Оралда тұрғын үй коммуналдық салада реформа жүргізіледі

Орал қалалық мәслихатының депутаттары тұрғын-үй коммуналдық саланы реформалаудың тұжырымдамасы жобасын жасауда. Бұл туралы тұрғын-үй коммуналдық саланы реформалау және пәтер иелері кооперативінің жұмысын жақсартуға арналған қоғамдық тыңдауда қалалық мәслихаттың хатшысы Әнес Ізтілеуов хабарлады.

Оның айтуынша, тұжырымдаманың басты мақсаты - көп пәтерлі үйлер тұрғындарының тұрмыс ахуалы мен қауіпсіздігін арттыру болмақ. Ол үшін көп пәтерлі үйлердің күтім сапасын арттыру, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен үйлерді жөндеу, жылу, су, электр қуаты және газбен қамтамасыз етуші коммуналдық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау пролемаларын шешу қажет. Сондай-ақ, Ә.Ізтілеуовтың айтуынша, коммуналдық саладағы тарифтік қадағалауды күшейтіп, Пәтер иелері кооперативтерінің өзін-өзі басқаруында адами фактордың маңызын арттыру қажет. Тұрғын-үй коммуналдық саланы реформалау - тұрғын үй қорына санақ жүргізіп, тозығы жеткен апатты жағдайдағы үйлерді анықтау, тозығы жеткен үйлерді бұзу және апатты жағдайдағы үйлерді күрделі жөндеу бағдарламасын жасау, кондоминимум нысандарын жаппай тіркеуге алу, Пәтер иелері кооперативтерінің біртұтас қауымдастығын құру секілді басты бағыттарда жүзеге асырылады. Қазіргі жағдаймен Оралда 1200 үйге даяшылық жасайтын 114 Пәтер иелерінің кооперативі бар. Сондай-ақ, әкімшілік мәліметі бойынша, 181 үй ешқандай кооперативке бағынбай, өзін -өзі бақылау үрдісіне көшкен. Қалалық мәслихат депутаттары 60-70 үйге қызмет көрсететін ірі ПИК-терді бөлшектеп, бір ПИК ары кетсе 2-3 үйге даяшылық жасайтындай жағдайға жеткізуді ұсынып отыр. Депататтар бұған қоса кондоминимумдар құрып, оларды ресми тіркеуге алуды ұсынуда. Бұл үйлерді басқару жағдайын жақсартып, ондағы өзекті проблемаларды шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін