Өткен ғасырдың 80 жылдары салынған мына тоғыз қабатты жатақхана осы күнге дейін бірде бір жөндеуден өтпеген. 2011 жылға дейін жылу және кәріз жүйелері істен шығып, қабырғалардың сылағы түскен. Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жүргізілгенде тұрғындар бір жасап қалған. Бірақ екі жыл өткеннен кейін жоспарларған жұмыс толық атқарылмағаны белгілі болды.
Дмитрий Вяткин, Орал қаласының тұрғыны:
-Жобада көрсетілген жұмыстардың бәрі жүргізілмеген. Нақтырақ айтқанда, онда терезелер жөндеуден өтті дегенімен, олай болған емес. Бәрі ескі күйінде қалды. Дәіліздер мүлде жаңартылмаған.
Бұл үйдегі жылу жүйесі мен жедел сатыны жөндеуге, кейбір дәліздерді әрлеуге 19 миллион теңге жұмсалған. Ал жалпы жоба бойынша түгелімен пластик терезелер қойылып, еденге линолеум төселуі тиіс болған. Оның бірі де жоқ. Енді тұрғындар жасалмаған жұмысқа бола ақша төлеуден бас тартып отыр.
Алена Швецова, Орал қаласының тұрғыны:
-Мен не үшін ай сайын 2500 теңгеден 15 жыл бойы төлеуім керек? Егер жобаға енгізілген болса, жұмыс толығымен көпшіліктің көз алдында жүргізілсін.
Тұрғындар осындай келеңсіздікке Пәтер иелері кооперативін кінәлап отыр. Ал төрайым мұны ақша төлегісі келмегендердің сынықтан сылтау ізегені дейді. Құжатта көрсетілген қызмет түрлері толықтай жасалмағанымен, бөлінген қаржы босқа кетпей, орнына басқа да жерлері жөнделді деп ақталуда.
Гүлшара Опиева, Пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
— Біз құрылыс компаниясына ұсыныс жасадық. Олар жұмысты жүргізді. Ал пластик терезелер жобаға енді ғана енгізілді. Тұрғындар жөндеу жұмыстары бітпестен байбалам салуда.
Жөндеу жұмыстары құжаттарындағы шикілікке қатысты даудың мұнымен толастамайтын түрі бар. Енді тараптар мәселені шешу үшін сотқа жүгінбек.