Бұл қалада жолақы соңғы рет былтыр маусым айында өзгерген. Ол кезде 50 теңгеден 60 теңгеге көтерілген. Заң бойынша үш жылға дейін тарифті өзгертуге болмайды екен. Бірақ кәсіпкерлер биылғы ақпан айындағы девальвациядан кейін жанар-жағар майдың, қосалқы бөлшектердің қымбаттағанын алға тартады. Сондықтан олар жолақыны 90 теңгеге көтеруді талап етіп отыр. Ал, әлеуметтік желіде талқыға түскен бұл жаңалық қарапайым халыққа ұнай қойған жоқ. Дегенмен, жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялар жергілікті билік ұсынысымызды қабылдамаса, алдағы уақытта қоғамдық көліктер тоқтап қалады деп сес көрсетуде.
Әзірбай Үмбетәлиев, Жолаушы тасымалдау кәсіпорнының директоры:
–Біздің шопырлар белсенді, көп жыл жұмыс жасаған. Олар мына жұмысты тастап жүк көлігіне отырып, шамасы келсе, біздің мекемеден басқа мекемелерге ауысып жатыр. Бұлай жалғаса берсе тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерліктің бізге ешқандай пайдасы болмайды деп есептейміз.