«Оралман» сөзіне этникалық қазақтардың пікірі қандай? - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Оралман» сөзіне этникалық қазақтардың пікірі қандай?

«Оралман» сөзіне этникалық қазақтардың пікірі қандай?

Қазақстанда «оралман» деген термин түбегейлі жойылуы мүмкін.

  • 20 Қыркүйек 2019
  • 30
Фото - Caravan.kz

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи отанына қайтып келгендерді бұдан былай «қандас» деп атауды ұсынды. Бұған елім, жерім деп шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың пікірі қандай? Сарапшылар не дейді?

Елімізде «оралман» сөзі төңірегінде ұзақ жылдан бері тартыс жүріп келеді. Бірі – бұл термин атажұртқа оралған қазақтарды «кемсітеді» десе, енді бірі оны «бауырлас», «отандас» деген сөзбен алмастыру керек дейді.

Үнемі аяқсыз қалатын бастама Ақордаға жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атамекенін аңсап келген этникалық қазақтарды бұдан былай «қандас» деп атауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

— Бұған дейін айтқанымдай, тарихи отанына оралған қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» терминін пайдаланғанымыз жөн. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады.

Тоқаевтың ұсынысы еліміздегі оралмандарды қуантып қойғаны анық. 12 жыл бұрын Моңғолиядан оралған Жанерке де жаңалықты жылы қабылдадым дейді. Өйткені «оралман» сөзі әбден жүрегіне тиген. 

Жанерке Хумар, Шымкент қаласының тұрғыны:

— Оралман деп айтса, кеудемнен біреу итергендей болады. Маған сезілетін сезім осы. Ал егер «қандаспыз» деп айтса, ол құшақ жайып қарсы алғандай сезіледі. Сондықтан «қандас» деп айту жағымды әсер қалдырады. Біз енді шынымен оралман емеспіз, біріміз бір, жаны – бір, қаны – бір қазақпыз.

Дегенмен сарапшылар, атауды өзгерту — мәселені шешпейді дейді. Айтуларынша, алдымен ата жұртқа оралып азаматтық ала алмай сандалып жүрген қазақтардың мәселесін шешу қажет. Сондықтан оралмандарға жан-жақты қолдау көрсетілмейінше, оларды «қандас» емес, «алтын қазақ» деп атасақ та, пайда жоқ деген пікірде.

Қайрат Бодаухан, «Отандастар» қорының сарапшысы:


— «Бауырлас» деп атаймын, «Қандас» деп атаймын, бірбірімен дауласпай, шешілмей жатқан басқа әлеуметтік проблемалар құқықтық проблемалар, демографиялық проблемалар, шеттегі Қытайдағы қазақтардың қырылып жатқан проблемасы. Ол жақта құрып бара жатқан ұрпақтың проблемасы неге көтерілмейді?! Оның атауын айтып, балаға ат қоятындай шулатып. Қазақта сөз бар: «Ұл табатын келіншекті шулап жүріп қыз таптырды» деген.

Десе де, елімізде «оралман» мәртебесін алу барынша жеңілдетілген. Бірақ әлде де қағазбастылықты азайту керек дейді сарапшылар.

Айта кетейік, тәуелсіздік алғалы атажұртқа бір миллионнан астам қазақ оралған. Оның басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Енді мемлекет басшысының бастамасын шенеуніктер мен депутаттар іліп әкетіп, бұл заң жүзінде бекітілуі мүмкін. Дегенмен оралмандарды «қандас» қана емес «бауырлас», «отандас» деп атайық дейтіндер де көп. Сондықтан әлі талай атаулардың ұсынылатыны айдан анық.

 

Соңғы жаңалықтар