Жарияланды: 1200

Оралмандарға ең бірінші кезекте тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беруді шешу керек - Қ. Айтаханұлы

Оралмандарға ең бірінші кезекте тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беруді шешу керек - Қ. Айтаханұлы

Оралмандарға ең бірінші кезекте тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беруді шешу керек.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында оралмандардың тарихи отанына оралуын ынталандыратын заңды талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осы мәселені көтерді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, бүгін қабылданған құжат Қазақстанның демографиялық үдерістерін жақсартып, шет елдегі қандастарымызды Атамекеніне оралуына байланысты жеңілдіктерді қарастырады.

«Заң жобасында оралмандарға жеңілдіктермен қатар, тұтыну кредиттері мен тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы беріледі деп жазылған. Бұл өте дұрыс, толық қолдауға болады, оралмандардың тұрақтануына қолайлы жағдайлар да жасайды. Алайда, мемлекет тұрғын үй салуға ипотекалық қаржы беретін болса, онда оралмандар ең алдымен жер алуы керек. Міне, осы тұрғыдан алғанда оралмандарға жер телімдерін беру мәселесі қаралмаған. Оларға берілмейді. Сондықтан да, оралмандарға ең алдымен тұрғын үй салуға жер телімдерін беру керек деп есептеймін. Баспана салуға жер берілмесе, ол үшін ипотека берудің қажеті қанша», - деді Қуаныш Айтаханұлы.

Сонымен қатар, сенатор оңтүстік өңірлерде оралмандар үшін жер телімдерін беру мәселесі тіпті өзекті екенін тілге тиек етті. «Біз түпкілікті шешетін мәселенің бірі де сол жерге, жер телімдеріне қатысты болып табылады. Қазақстанның бір өңірінде халық саны көп, жер жоқ, екінші бір бөлігінде халық саны да аз, жер телімдері де игерілмей бос жатыр. Осыны дұрыс реттеу керек», - деді ол.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін