Өскеменде ондаған отбасы тұратын үй құлағалы тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өскеменде ондаған отбасы тұратын үй құлағалы тұр

Өскеменде ондаған отбасы тұратын үй құлағалы тұр

Баспана басқа пана болмай тұр. Өскемендегі екі қабатты үй тұрғындары осындай шағымдарын жеткізді. Үйлері кез-келген уақытта құлауы мүмкін болғандықтан, олар күнде қорқынышпен өмір сүруде. 16 отбасы жағдайын айтып, пәтер иелерінің кооперативінен көмек сұраған да екен. Бірақ жұмсалатын ақша өз-өзін ақтамайды деген олар жөндеу жұмыстарын жүргізуге асығар емес. Ал үйдің апатты деп танылуы үшін мамандар тұрғындардан 2 миллион теңге сұрапты.

  • 13 Қараша 2014
  • 457
Фото - Caravan.kz

Өткен ғасырдың 50-жылдарында Өскемендегі ең көрікті үйлердің бірі саналған мына ғимараттың қазір құламаған жері қалмапты. Екі қабатты тұрғын үйдің негізгі салмақты көтеретін қабырғалары сөгіліп, іргетасының үгітілгені түнде жақсы естіледі екен. Осы дыбыстан шошыған жұрт сан рет үйінді астында қалмау үшін далаға жүгіріп те шығыпты.

-Мына қалың қабырға толығымен суланып кетті. Көмек сұрап кооперативке бірнеше рет бардық. Барғаннан не пайда?! Олар келді, жасады, бірақ жұмыстарын аяқтамады.

Наталья Тримасова өз пәтеріндегі жуыну бөлмесіне кіруге де қорқады. Себебі едені қисайып, қабырғалардың барлығы сызданып кеткен. Құбырлардың да сау жері қалмай түгел шіріген. Сондықтан олар түнде есіктерді жаппайды да екен, себебі таңертең ашылмай қалады.

— Бері қарай еңіс бар. Бұл үйдің қисайып бара жатқанын көрсетеді. Тіпті төбеге қарасаңыз барлығын жақсы байқауға болады.

Пәтер иелерінің кооперативінде бұл үйдің жағдайы жайлы жақсы біледі. Бірақ қолдан келер қайран жоқ дейді басшылық. Қолданысқа берілген сәттен бастап бір рет те күрделі жөндеу жұмыстары жасалмапты. Ал енді қалпына келтіру үшін кемінде 10 миллион теңге кететінін есептеп те қойған. Бұндай қаражат тұрғындарда да, кооператив қоржынында да жоқ.


Сергей Веригин, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

Бұл шешімі жоқ жағдай десек те болады. Себебі тұрғындардың басым бөлігі олигархтар емес, зейнеткерлер. Олардың зейнетақысына үйді жөндеу мүмкін емес. Әр пәтерден кемінде 700 мың теңге қажет.

Тығырықтан шығар тағы бір жол бар. Үй апатты деп танылса, жергілікті биліктен көмек сұрауға болады. Бірақ тиісті қорытындыны алудың өзі қиын, оған да тиын шығару қажет. Тозығы жеткен үйді көріп шыққан тәуелсіз сарапшылар тұрғындарға жеңілдік жасап, өз қызметінің құнын 2 миллион теңгеге бағалапты. Бұл сома зейнеткерлердің жағасын ұстатқан. Ал апатты деп танылмаса да, әбден тозығы жеткен үйдің шаңырағы кез-келген сәтте ортасына түсуі мүмкін.