Өскемендік украин ұлтының өкілдері наурыз көже дайындау сырымен бөлісті - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өскемендік украин ұлтының өкілдері наурыз көже дайындау сырымен бөлісті

Өскемендік украин ұлтының өкілдері наурыз көже дайындау сырымен бөлісті

Наурыз мейрамы баршаға ортақ. Осылай деп санайтын өскемендік украиндер отбасы бұл күнді кең дастархан басында жиналып қарсы алды. Жарты ғасырға жуық Шығыс Қазақстанда өмір сүріп келе жатқан Волковичтер шаңырағы Наурыз мейрамын жас ұрпаққа дәріптеумен келеді. Үйдің үлкені Ярослава Волковичнаурыз көже пісіру құпиясымен біздің тілшілермен де бөлісті.

  • 22 Наурыз 2014
  • 708
Фото - Caravan.kz

Ұлыстың ұлы күнін Волковичтер отбасы кең көлемді атап өтеді. Жыл сайын осы кезде барлығы бас қосуды әдетке айналдырған. Қазақстанда тұрғандарына жарты ғасырдан асқан украин отбасы өз дәстүрлерімен қатар көктемгі мерекені де асыға күтеді. Ярослава әжей бұл күннің басты дәмі-наурыз көжені әзірлеуді мықтап меңгерген.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары Ярослава Волкович пен жұбайы Өскеменге Батыс Украинадан қоныс аударып келіпті. Ол кезде екеуміз де  өрімдей жаспыз деп еске алады. Шахардағы үлкен зауытта жұмысқа тұрады. Қоян-қолтық жұмыс істеп, балалы-шағалы болады. Көктемде келетін дүбірлі мерекені сол кезден бастап атап өтуді әдетке айналдырыпты.

Ярослава Волкович, Өскемен қаласының тұрғыны:

— Табиғат жаңарып, жасарады. Күн мен түн теңеліп, бойымызға бір қуаныш біткендей болады. Бұл күндері адамдардың жүзінен күлкі кетпесін, себебі қуанышта, шаттықта болсаң, бір жыл бойы сол қалыппен жүресің. Мен бұған кәміл сенемін.

Наурыз құтты мейрам екенін немерелері де жақсы біледі. Әжелерінің үйінде бұл күні бәрі тәтті-томалаққа қарқ болып қалады екен. 


Анастасия Рыльская, Я. Волковичтің немересі:

— Наурыз көжеден дәм татамыз. Әжеміз тіпті бауырсақ та пісіре алады. Бізге мерекелік көңіл-күй тарту етеді. Ал біз оған сыйлықтар әкелеміз.

Ярослава әжей туған жеріндегі хуторда қалған ескі үйінің суретіне қарап көзіне жас алды. Атамекенінде болып жатқан соңғы оқиғаларды айтып көңілі босады. Содан болар, қарт жер жаңарған шақта әр адамның бір-біріне деген сыйластығы мен көзқарасы жақсара түссе деп тілек айтты.