Жарияланды: 430

Өзбекстандағы лаңкестік әрекеттерді тексеру қорытындысы таяу уақыттарда жарияланады - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы

Өзбекстандағы лаңкестік әрекеттерді тексеру қорытындысы таяу уақыттарда жарияланады. Бұл туралы бүгін, 6-сәуірде Алматыда БАҚ өкілдеріне арналған қысқаша баспасөз мәслихатында күні кеше ғана Өзбекстанда болып қайтқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Болгария сыртқы істер министрі Соломон Пасси мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

С.Пассидің айтуынша, лаңкестік әрекеттерді тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссияны басқарушы Өзбекстан президенті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдеріне "бұл іс бойынша тергеу жұмыстарында аздап ілгерілеушілік байқалды. Ташкент пен Бұхарадағы лаңкестік әрекеттерге жүргізілген тексерулердің қорытындысы туралы халықаралық қауымдастықты көп кешікпей хабардар етемін" деп мәлімдеген. С.Пасси осы орайда өзі басқаратын ұйым қандай түрде де көрініс берген кез-келген лаңкестік әрекетті айыптайтынын, оған бар болмысымен қарсы екенін тағы бір атап өтті. "Лаңкестікке қарсы тұру үшін біз аймақтық және халықаралық ынтымақтастықтың кез-келген айла-шарғы, амал-тәсілін қолданатын боламыз",- деп мәлімдеді ол. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-31-наурыз аралығында Өзбекстанда бір-біріне жалғаса бірнеше лаңкестік әрекет шығып, құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне шабуылдар жасалған. Ташкент пен Бұхарада болған бірнеше жарылыс пен атыстардан 22 адам қаза тауып, 35 адам жараланды. Өзбекстан басшылығының пайымдауынша, бұл жолғы лаңкестік әрекеттер - халықаралық "Аль-Каида" ұйымымен байланысы бар лаңкестердің ісі болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін