Жарияланды: 40

"Өзіме "5" деген баға қоямын" Қазақстандықтар алғаш рет латын әліпбиінде диктант жазды

"Өзіме "5" деген баға қоямын" Қазақстандықтар алғаш рет латын әліпбиінде диктант жазды

Жалпыхалықтық диктант жазғызу – мәдениет және спорт министрлігінің бастамасы

Бүгін Астанада әр түрлі сала өкілдері бір уақытта латын әліпбиінде диктант жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Астана әкімдігі "Руханият" коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Еңсебайдың айтуынша, елордада сағат 11.00-ден 11.30-ға дейін барлығы 50 мың адам жалпыхалықтық диктантқа қатысқан. Әр түрлі сала қызметкерлеріне латын әліпбиінде диктант жазғызу бастамасын ММС Тіл саясаты комитетінің Шаяхметов атындағы "Қазына" ұлттық ғылыми орталығы көтерген. 

"Бұл, бір жағынан, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етсе, екінші жағынан латын әліпбиін насихаттауға пайдасын тигізеді", — деді Еңсебай. 

Тіл комитеті жалпыхалықтық диктантқа рухани жаңғыру туралы мәтін таңдаған. Қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Латын әліпбиіндегі диктант небәрі 30 минутқа созылды. 

"Бұл жерде сен "2" немесе "3" алдың, қызметіңе әсер етеді деген дүние емес. Әр сала өкілдерінің әліпбиді қабылдауын, оған дайындығын анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан ешкім ешкімге баға қоймайды. Қатысушылардың жұмысы пайыздық көрсеткішпен бағаланады", — деді "Руханият" КММ басшысы.  

Еңсебайдың айтуынша, 50 мың адамның жұмысын 50 адамнан құралған жұмыс тобы екі-үш күн ішінде тексеріп шығады. Жұмыс тобының құрамына филолог ғалымдар, латын әліпбиін меңгерген мамандар кірген. 

Еңсебай жалпыхалықтық диктантқа қазақстандықтар тарапынан қызығушылық зор болғанын атап өтті.

"Ешкім ешкімді қатысыңдар деп мәжбүрлеген жоқ. Біз әлеуметтік желілерге хабарландыру жарияладық, сонымен қатар бүкіл мекемеге хат жолдадық. Қатысқысы келмегендер бірден бас тартты", — деді ол. 

Алтынай есімді мемлекеттік қызметші өз жұмысына "5" деген баға беріп отыр. Айтуынша, латын қарпінде диктантты екінші рет жазып отыр екен. 

"Өте жақсы деңгейде өтті. Ұ, ү, ы деген әріптер біраз шатастыратыны болмаса, былайша қалғаны түсінікті. Өз жұмысыма "5" деген баға қоямын. Өйткені барлығын дұрыс жаздым деп ойлаймын", — дейді ол. 



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін