Енді Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Аталған заң негізінен 2014 жылдың 9 айындағы республикалық бюджеттің нақты түсімдері мен шығыстарына негізделген өзгертулерді қамтиды. Ал болжамды нақтылауға сүйенсек, жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 104,3 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Сонымен қатар болжам бойынша өнеркәсіп өнімдерін өндіру 0,2 пайызға қысқарып, экономиканың негізгі өсіміне 5,4 пайызға артқан қызмет көрсету саласы үлес қосатын болады.
Осыған байланысты, республикалық бюджеттен 2014 жылға түсімдердің нақтыланған болжамы 6 трлн. 107,4 миллиард теңге болып белгіленді, оның ішінде 2014 жылғы бекітілген жоспарға қарағанда 420,7 миллиард теңгеге азайып, трансферттерді есептемегенде 3 940,4 миллиард теңге сомасындағы кіріс көзделіп отыр. Бұдан бөлек, салық түсімдерінің азаюы 460,5 миллиард теңгені және салық емес түсімдердің ұлғаюы 39,5 миллиард теңгені құрайды. Ал 2014 жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 7 190,3 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар 2014 жылға арналған Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттер мөлшері бекітілген 1 480 миллиард теңге көлемінде сақталып, мақсатты трансферт мөлшері 325,0 миллиард теңгеге ұлғаяды. Ал бюджет тапшылығы Ішкі жалпы өнімге 2,6 пайызға нақтыланып отыр, бұл көрсеткіш бұған дейін 2,3 пайыз деңгейінде бекітілген еді.
«Бюджетті нақтылаудың маңызды мақсатының бірі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономикалық қауіпсіздікті, тұрақтылықты және экономиканы ынталандыруды қамтамасыз етуге бағытталатын Ұлттық қордан 325 млрд. теңге сомасында нысаналы трансфертті тарту болып табылады. Атап айтқанда, банк секторын сауықтыру үшін «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ қаржыландыруға 250 млрд. теңге, арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылым объектілерін салуға аумақтарға 50 млрд. теңге, «Ұлттық мұнай химиялық технопаркі» арнайы экономикалық аймағы 24,5 млрд. теңге, «Қорғас Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы
24,5 млрд. теңге сомада қаражат қарастырылады», — деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.