Бұған дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев хабарлағандай, құжатта 2014 жылы бюджетке түсетін түсімдер 6 трлн 206,1 млрд теңге көлемінде белгіленді. Бұл бекітілген бюджеттегі көрсеткіштен 431,7 млрд теңгеге артық.
Республикалық бюджеттің табысы 331,7 млрд теңгеге артып, 4 трлн 361,2 млрд теңгені құрап отыр.
Табыстың артуына 2014 жылдың 1-сәуірінен бастап шикі мұнайдан алынатын кедендік баждың 60 доллардан 80 долларға арттырылуы, теңге бағамының өзгеруі және макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі сынды факторлар әсер етіп отыр.
Осыған байланысты үкімет биылғы жылы мұнай бағасын барреліне 95 доллардан белгілеп отыр. Ағымдағы жылы еліміз бойынша 83 млн тонна мұнай өндірілмек. Ал, инфляция деңгейі жыл соңына дейін 6-8 пайыз аралығында сақталуы тиіс.
Бюдлжет тапшылығы 918,6 млрд теңге.
Бюджет шығысы 408,7 млрд теңгеге артып, 7 трлн 124 млрд 777 млн теңгені құрады. 2014 жылғы бюджет тапшылы 918,6 млрд теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызына тең болады.
Министрдің айтуынша, нақтыланып отырған бюджеттегі қосымша қаражат елбасының биылғы жолдауында, сонымен қатар үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Осы орайда, тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында нақтыланған бюджет жобасында 121,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыға 53,4 млрд теңге, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысын 10 пайызға арттыру үшін бюджеттен қосымша 4,7 млрд теңге қарастырылыпты.
Қос палата тарапынан толық мақұлданған құжат президенттің қол қоюына беріледі.