Жарияланды: 540

Парламент сенатының төрағасы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Ханаа Сингерді қабылдады

Астана. 2 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Ханаа Сингерді қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ Балалар қоры арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасылды. Қ.Тоқаев біздің еліміздің баланы әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге, балалар денсаулығын қорғау мен білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған ЮНИСЕФ-тің елдер жөніндегі бағдарламасының табысты жүзеге асуына мүдделілігін атап өтті. Балалардың құқығын қорғау саласын құқықтық бекіту мәселелеріне тоқтала келіп төраға ұлттық заңнаманың балалар жағдайын жақсы қамтамасыз етуге, отбасы мен қоғам әлеуетін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Қ.Тоқаев Х.Сингерді жаңадан тағайындалуымен құттықтады және осынау халықаралық беделді ұйымдағы мол тәжірибесі Қазақстан мен ЮНИСЕФ арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жалғасуына қызмет ететініне сенім білдірді. Х.Сингер біздің еліміздегі жас ұрпақ құқы мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстың жоғары деңгейін атап өте келіп Қ.Тоқаевты балалар мен отбасы жағдайларын жақсарту мәселелеріне назар аударғаны үшін алғыс айтты. Былтыр Сенатта әлеуметтік салаға бюджеттен қаржы бөлу мәселелері жан-жақты талқыланған халықаралық конференция өткен болатын. Оның айтуынша, "Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ аймағында осындай конференция өткен алғашқы ел болды. Әлеуметтік бағдар ұстанған бюджеттің бұл табысты үлгісі Нью-Йоркте жария етілген болатын. Ол сондай-ақ әлемдегі балалар мен отбасылардың жағдайын жақсартуға ұмтылған БҰҰ Балалар Қорының тәжірибесінде де табысты қолданылып келеді". Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть