Жарияланды: 470

Павлодар облысында 27-қыркүйекте Рихтер өлшемімен 1,5 баллдық жер асты дүмпуі тіркелді

Павлодар облысында 27-қыркүйекте Астана уақытымен 18 сағат 35 минутта Рихтер өлшемімен 1,5 баллдық жер асты дүмпуі тіркелді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бастығы Саин Каменов хабарлады.

Нақтыланған дерек бойынша, жер сілкінісінің ошағы Ресей Федерациясының Алтай аймағы Бийск қаласынан 250 шақырымда орналасқан. 27-қыркүйекте Астана уақытымен 18 сағат 35 минутта сілкініс ошағында Рихтер өлшемімен 1,5 баллдық жер асты дүмпуі тіркелді. "Теорияға сәйкес, Павлодар облысындағы жер асты дүмпулерінің күші 3,5-4 баллдан аспайды деп саналғандықтан Павлодар қаласы мен облысындағы ғимараттар 4 баллдан астам жер асты дүмпуіне есептелген. Осыған байланысты біз қалыпты тәртіппен жұмыс істедік, ахуал қандайбір төтенше шара қолдануды талап еткен жоқ",- дейді Саин Каменов. Жер асты дүмпулері кезінде көп қабатты үйлердің тұрғындары далаға қашып шығып, кейбірі бірнеше минуттан жарты сағатқа дейін далада жүрген. Сондай-ақ, 28-қыркүйекте Астана уақытымен түнгі сағат 2-де Павлодар тұрғындары тағы да жер асты дүмпуін сезінген. Көп қабатты үйлердің көптеген тұрғындары далаға қашып шыққан. Алайда, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының мәліметіне сүйенсек, дүмпу тіркелген жоқ. "28-қыркүйекте Астана уақытымен түнгі сағат 2-де жер сілкінісінің ошағы- Ресей Федерациясында 3,5-4 баллдық жер асты дүмпулері қайталап тіркелді. Сол себепті, теория жүзінде, Павлодар облысында жер асты дүмпулері мүлдем сезілуге тиіс емес",- деп түсіндірді Саин Каменов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін