Бүгін 15 сәуірде облыс аумағында солтүстік-батыс бағыттағы желдің жылдамдығы секундына 15 — 20 метрге дейін күшейеді, деп хабарлады ведомство Павлодардың гидрометеорология орталығына сілтеме жасай отырып.
«Бұл орман өрттерінің тууына себепкер болуы мүмкін. Былтыр көктемде де солай болған. Сондықтан, біздің қызметтің барлық бөлімшелерінің қызметі күшейтілген режимге көшірілген. Оның үстіне 15 — 18 аралығында облыста күн күрт суытады деп күтіліп отыр. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, облыс аумағында осы күндері жауын-шашын болады. Кей жерлерде қар жауады. Ауа температурасы -10 — -15 градусқа дейін төмендейді», — деп түсіндірді департамент.
Аумақтық орман және аң шаруашылығы басқармасынан хабарлағандай, ауа-райының нашарлауына байланысты ведомствоның барлық қызметтері күшейтілген режимге көшірілген. «Барлығы біздің ормандарымызда өрттің болмауына бағытталған», — деп атап көрсетті ведомство.
Аумақтық басқарма мәліметтеріне сүйенсек, сенбі күні «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында бақылау жасайтын тікұшақ қатардан шығып қалған. «Біз оның қашан жөнделетінін білмейміз. Қазір келісім бойынша орманды көршілес «Семей орманының» тікұшағы бақылауда», — деп атап көрсетті басқармада.
Жыл басынан бері өңірде 10 орман өрті тіркелген. 50 гектардан астам орман жанып кеткен. Соңғы өрт өткен демалыс күндері Максим Горький атындағы орман мекемесінде болған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, өрт 19 гектар жағалау орманын күлге айналдырған.
Бұрын хабарлағанымыздай, 2007 жылы қатты желдердің салдарынан Павлодар облысының аумағында жылдың осы мезгілінде көптеген орман өрттері шыққан. Ауылдық елдімекендерде ондаған тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстары жанып кеткен. Өртті сөндіру кезінде Шалдай қарағай орманында екі адам қаза тапқан.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті