Кішкентай Темірланды нағашы ағасы өзге жиендерімен бірге Ақсу кентіндегі мына жағалауға ертіп келген. Небәрі бірнеше минуттың ішінде көзден таса болған бүлдіршінді өздері іздеп таппаған туыстары оқиға орнына құтқарушылар мен полицейлерді шақыртты. Кейін бұрыш-бұрышқа баланың суреттерін іліп, халықтан оны іздеуге көмек сұраған отбасыға жүзге жуық еріктілер де көмектесті. Ал аумақты түгел тінткен құтқарушылар Темірлан Мұхтаровтың денесін үш тәуліктен кейін судан тапты. Бұған дейін «бала ұрланған» деген болжам жасаған полицейлер бүлдіршіннің нақты неден көз жұмғанын анықтау үшін арнайы сараптама тағайындалғанын айтуда.