Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Не болып жатыр?
Ақсу мен Екібастұз ЭКСЖ-ны іске асыруға белсене кірісті. Осылайша, «Теплосервис-Ақсу» МКК қаланың магистральдық және тарату желілерін кезең-кезеңмен жаңартады. «Екібастұз жылу желілері» ЖШС де желілік инфрақұрылымды қайта жаңартумен айналысады. Бұдан басқа, Екібастұздағы «Горводоканал» МКК сорғы станциясын жөндеуді жоспарлап отыр.
ЭКСЖ-ны іске асыры Павлодарда да жалғасуда. Мәселен, мұнда 2026-2027 жылдары 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланып жатыр. Олардың арасында сорғы станциясының құрылысы, жылу магистралін және орталық жылу пунктін жөндеу жұмыстары бар.
«Павлодар тарату компаниясы» АҚ әуе желілерін, трансформаторлық қосалқы станцияларды салу мен қайта жаңартуды және электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді көздеп отыр.
Сандар не дейді?
2026-2027 жылдары өңірдің үш қаласында жалпы соммасы 13,6 млрд теңгені құрайтын оннан астам ЭКСЖ жобасын іске асыру жоспарлануда. Дегенмен, бір мәселені өскерген жөн – жобалар саны артуы мүмкін. Мәселен, ЭКСЖ жобаларын жүзеге асыру үшін Павлодарда — 5,8 млрд теңге, Екібастұзда — 5,2 млрд теңге, ал Ақсу қаласында — 2,6 млрд теңге қажет.
Дәйексөз
«Кәсіпорындарға инфрақұрылымды күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, бірінші кезекте жылу беру сапасын арттырып, жаңа тұтынушыларды қосу үшін қуат қорын құруға тура келеді», — деді Павлодар облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.
Түйін
Павлодар облысында ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Еске салайық, алғашқы нысандардың бірі – 2025 жылдың соңында аяқталған еді. Сол кезде Павлодарда ЖМ-20А жаңа жылу магистралі пайдалануға берілді.
Ұзындығы 6 шақырымнан асатын жаңа желі ЖЭО-1-ден басталып, Ломов көшесінің бойымен өтеді. Құны 9,7 млрд теңгені құрайтын бұл жоба ескі желілердің жүктемесін азайтуға және 600 тұрғын үйді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ескі магистраль сонау 1972 жылы салынған болатын және осы уақыт ішінде әбден тозған еді. жаңғырту кезінде заманауи материалдарды қолданудың арқасында жылу шығынын азайтып, жылу беруді еш үзіліссіз және «әлсіз» учаскелерсіз, бірқалыпты деңгейге жеткізу мүмкіндік туды.