Жарияланды: 2200

Павлодар облысының аумағында көне феодалдық Қимақ мемлекеті қалаларының бірі орналасады деген ғалымдар гипотезасы дәлелденді

Павлодар облысының Май ауданы аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында осында көне феодалдық Қимақ мемлекеті қалаларының бірі орналасады деген ғалымдар гипотезасына дәлел табылды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазба жұмыстары осыдан бір апта бұрын басталған-тұғын. Экспедиция құрамында Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының, Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік Университетінің, сондай-ақ, Ресей ғылым академиясының шығыстану институтының ғалымдары бар. Қазба жұмыстарын Ресей ғылым академиясының шығыстану институтының бөлім бастығы, тарих ғылымдарының докторы Сергей Кляшторный, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов, Қыпшақтану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмеков сынды ғалымдар басқаруда. Қазба жұмыстары Баянауыл ауданындағы Торайғыр IV кешені, Май ауданындағы Қызыл еңбек ауылы мен Павлодар ауданындағы Шауке-1 елді мекендері деген үш бағытта басталды. Май ауданындағы бір апталық іздеу жұмыстарының нәтижесінде ғалымдар Қызыл еңбек ауылынан Семейарқа ауылына дейінгі аралықтан қаланың барлық белгілерін сақтаған 150х200 метрлік аумақты тапты. "Бұл аумақ толық игерілгеннен кейін кең көлемді қазба жұмыстарын қаржыландыру туралы мәлімдеме жасауға болады. Соның нәтижесінде Қазақстанның, соның ішінде Ертіс өңірінің тарихындағы тағы бір ақтаңдақ тұс айқындалады",- дейді К.Байпақов пен Б.Көмеков. Қимақ мемлекеті - Ертіс өңірінде IX-XI-ғасырларда орын тепкен көне феодалдық мемлекет болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть