Павлодарда электр бағандарына қатысты дау өршіп барады - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарда электр бағандарына қатысты дау өршіп барады

Павлодарда электр бағандарына қатысты дау өршіп барады

Бүгін «Усолка» ықшамауданының тұрғындары тағы наразылық шарасына шықты. Өйткені әкімдік өкілдері жергілікті тұрғындармен санаспай, құрылысты астыртын жалғастырып жатқан көрінеді. «Бұл бассыздық тоқтамаса, күш қолданамыз» дейді ашынғандар.

  • 2 Тамыз 2014
  • 519
Фото - Caravan.kz

Мұндағы айтыс-тартыс осымен алтыншы рет қайталануда. Үйлеріне қарама-қарсы электр желісі бағандары тұрғызылатынын естігелі жергілікті жұрттан маза кеткен.

-Бұдан тура жарты жыл бұрын дәл осы ауданда тұрғындар желінің тіреулерін орнатпауды талап еткен. Бірақ құрылысшылар міз бақпады. 110 киловаттық биік бағаналар тұрғын үйлер мен жағажайдың қақ ортасын бойлай қағылған. Жұрттың үрейін ұшырған да осы.

Ата-аналар жаз келсе, өзенге асығатын балалары үшін шырылдайды.  Өйткені темір тағандардың арасында кернеу жиналады деген қауесет тараған.

Әбдірнәсір Мәжит, Павлодар қаласының тұрғыны:  

—   Сосын адамдар  ісік ауруына шалдығады. Прокуратураға СЭС-ке шағымдандық. Олар да дұрыс емес деп отыр.  

Дегенмен, қауіп-қатердің алдын алдық деп ақталған шенділер алған бетінен қайтар емес. Айтуларынша, көпшіліктің талабы толық назарға алынған.

Ержан Асылбаев, Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:


-Халық көп шоғырланатын жағажай, жазғы кафе мен құтқару бекеті орналасқан жерлердің астымен кабель  өткізіледі. Яғни, ешқандай қауіп жоқ.

Атап өтерлігі, кешенді нысандарды тоқпен қамтамасыз ететін  инфрақұрылымдық жобаның іске асуына 1 млрд 700 мың теңге бөлінген. Соған қарамастан, шоғырсымдарды тұтастай жер астымен өткізбеуді ұйғарған. Ал тұрғындар желінің бұлай жүргізілгеніне үзілді-кесілді қарсы.

Қарлығаш Букаева, Павлодар қаласының тұрғыны:  

-Мына балам –ауыратын бала, үйде балаларым бар. Бала-шағамның денсаулығы үшін, өзімнің денсаулығым үшін, мына тұрғындардың барлығының балаларының денсаулығы үшін осы ЛЭП-ті көтертпеуге жанымды беріп, осы ЛЭП-тің үстіне жатып алуға жанымды беремін.

Алайда бағандар бекітіліп, қосымша тіреулерге тапсырыс беріліп қойыпты. Желілер алдағы екі ай көлемінде тартылмақ.