Жарияланды: 230

Павлодарда кафе клиенттерін сабап тастаған полицейлер жұмыстан қуылды

Павлодарда кафе клиенттерін сабап тастаған полицейлер жұмыстан қуылды

Павлодардағы дәмханалардың бірінде полицей мен дәмхана қонақтарының арасында болған оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды.

Павлодар облыстық ІІД басшысы генерал-майор Марат Қожаевтың хабарлауынша, мас қонақтарды соққыға жыққан полицейлер қызметтерінен босатылды.

«Ішкі істер департаменті Тәртіптік комиссия жүргізген қызметтік тергеу нәтижесінде  аталған оқиғаға қатысты 4 қызметкер органнан шығарылады. Мен кеше бұйрық шығарып оларды жұмыстан босаттым. ЖПП басшысы, батальон командирінен бастап, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, құрамында осы қызметкерлер кіретін взвод командирлері жазаға тартылды», - деді ол.

Дәмхананың қонақтары да жазаланатын болады.

«Шыққан жанжалдың екінші тарабындағы азаматтық тұлғалар да ІІБ қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін және тәртіпке бағынбағаны үшін ҚР Заңына сәйкес жауапқа тартылады», - деп атап өтті Павлодар облыстық ІІД басшысы.

Сондай-ақ Қожаев кейбір ІІБ қызметкерлерінің жұмыс сапасы деңгейінің нашар болу себептерін атап өтті.

«Полицей қызметіне жұмысқа орналасу талабы жоғары емес. Орташа білім мен әскерде қызмет ету, көшеде жұмыс істеуге кедергі келтіретін созылмалы аурудың болмауы жұмысқа қабылдаудың негізгі талаптарын қанағаттандырады», - деп атап өтті Қожаев.

Еске салайық, желіде павлодарлық полицейлердің жергілікті дәмханалардың біріне келушілерді қатыгездікпен ұрып-соғып жатқан видеосы тарап кеткен еді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін