Сол үшін ара өсірушілер пайдалы жәндіктің жаңа түрін өзбекстандық әріптестерінен сатып алады. Жалпы облыста омарташылықпен айналысатындардың дені Қашыр ауданында шоғырланған. Олар жылына 130-150 тонна бал жинайды екен. Ел ішінде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысып омарташылыққа ден қойғандар қатары да артқан. Кілтін таба білсе омарташылық пайдалы кәсіп. Бір ұяда шамамен 40 мыңдай ара болады. Ал 30 ұя ұстайтын шаруалар шамамен әрбір омартадан 50 келіден бал жинайтындарын айтады. Кәсіптен нәсіп тауып отырғандардың бірі – Сергей Шарапов. Бұл істі мемлекеттік бағдарламаға қатысып бастапты. Сергей Шарапов, омарташы: — Біз ара шаруашылығын дамыту үшін 2013 жылы 3 миллион теңге несие алдық. Бір жыл кейін төлейтін жеңілдетілген шартпен әрі төмен. Мемлекеттің бұл көмегін тиімді пайдаланып, ісіміз өрге басты. Ал Павел Прокопцев омартасын күн шуаққа шығарғанына көп бола қойған жоқ. Белсенді жәндіктердің тозаң ғана емес, шырын тасып жатқанын көріп таң-тамаша қалды. Себебі айнала енді көктеп жатыр. Зейнеткердің айтуынша, бұл – жақсылықтың нышаны. Қыстан аман шыққан аралар биылда балдың мол қорын береді деген үмітте. Павел Прокопцев, омарташы: — Жауын-шашын көп болатын ауа райы қолайсыз деген жылдың өзінде біз әрбір ұядан 30 келіден бал аламыз. Осының өзі шыққан шығынды толық өтейді. Жергілікті кәсіпкерлер солтүстікке төзімді келетін «Карпат» араларын өсіреді. Өңірде ара жәрмеңкесі қызған. Өзбекстандық кәсіпкерлердің араларын Павлодармен қатар Омбы және Алтай өлкесінің омарташылары сатып алуда. Бір ғана Қашыр ауданы шамамен 1,5-2 мыңдай ара пакеттерін алады. Бұл өңірде жылына 120-130 тонна бал жиналады. Өнім өткізуде кедергі жоқ. Бал әр сенбі сайын өтетін ауылшарушылық жәрмеңкелері мен әлеуметтік дүкендерде сатылады, — деп хабарлайды http://24.kz/.