Оқушы қызды зорлап өлтірді деген айыппен сотталып жатқан Виктор Бахарев бүгін абақтыдан бірден сот залына әкелінді. Жабық есік жағдайында өтуі тиіс процеске Настя Шарипованың туыстары түгел келген. Ал айыпталушы жағынан әпкесі ғана жүр. Күдіктінің қоғамдық қорғаушысымын деген сол туысы бүгін процесс басталмай жатып-ақ адвокаты екеуі сотқа сенбейтіндерін айтып шу шығарды. Айтуларынша, істің ақ-қарасы анықталмастан Виктор Бахарев қылмыскер атанған. Сондықтан әділ үкім шығатынына да күмәнді екен.
Бауыржан Азанов, В.Бахаревтің адвокаты:
-«Өлтірді», «зорлады», деп неше түрліні айтып-айтып, бүкіл халық қазір Бахарев Виктор, нағыз « қылмыскер» деп қана ойлайды. Сот бәріне ашық, таза, объективті түрде қаралу керек. Ондайға біз қазіргі жағдайда сене алмаймыз.
Мәселені тереңнен қозғаған адвокат дүйім жұртты дүрліктірген іс сотта ашық қаралсын деген. Бірақ, бұған жауап берген фемида өкілдері арыға бармай, қысқа қайырды.
Ержан Қалкен, Павлодар облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының баспасөз хатшысы:
-Жыныстық қатынастар туралы қылмыстық істер және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстық істер жабық түрде өткізіледі. Бұл заңмен қарастырылған.
Қанды қылмыс былтыр қазанда болған. 14 жасар оқушы қыз із-түзсіз жоғалып, екі аптадан кейін азапталған мәйіті үйінің жанынан табылған-ды. Күдікті де сол күні ұсталды. Настяның 20 жасар көршісі Виктор Бахарев қылмысын бірден мойындап, тіпті қалай жасағанына дейін көрсетіп берген. Бірақ, артынша айтқанынан айнып қалды. Енді адвокаты сотқа сенбей, істің қайта қаралғанын талап етіп отыр.
-Осылайша аяқсыз қалған процесcтің алдағы уақытта қалай жалғасары белгісіз. Дегенмен шулы іске соңғы нүктені бәрібір осы сот қоятын болады. Егер кінәлі деп танылса, Виктор Бахарев қалған өмірін темір торда өткізуі мүмкін.