Жарияланды: 510

Павлодарда православиелік шіркеудің ғимараты тәркіленді

Павлодарда православиелік Христово-Рождестволық шіркеуінің ғимараты тәркіленді. Бұл туралы Благовещенск кафедральдық соборының Павлодарлық игумені Иосиф баспасөз мәслихатында хабарлады.

Павлодардағы Благовещенск кафедральдық соборының ғимараты кәсіпорындар мен ұйымдардың, сондай-ақ, жекелеген азаматтардың қайырымдылық қаржысына салынып, 1999-жылдың қазан айында пайдалануға берілген. Сондай-ақ, бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар шіркеуді құрылыс материалдарымен қамтамасыз еткен көрінеді. Бұл кәсіпорындардың басым көпшілігі шіркеуден берешек талап етуден бас тартқан. Олардың арасынан Семейдің "Медтехника" фирмасы ғана 1999-жылы Павлодар қалалық сотына шағым түсіріп, шіркеуден қаржылық міндеттемесін өтеуді талап етті. Құрылыс жұмыстарына арнап бұл фирма 100 мың теңгенің мәрмар габбро бөлген көрінеді. Сол кезде Благовещенск кафедральдық соборының заңды тұлға деген мәртебесі болмағандықтан құрылысты қаржыландыру жұмыстары Павлодардың православиелік Христово-Рождестволық шіркеуінің шоты арқылы жүргізілгендіктен фирма шағымды осы шіркеудің атына түсірген. 2003-жылдың қаңтар айында Павлодар қалалық соты "Медтехника" фирмасының пайдасына Павлодардың православиелік Христово-Рождестволық шіркеуінен сот шығындары, айыппұлдар мен өсімпұлдар есебінен 512189 теңге өндіріп алу туралы үкім шығарды. Сөйтіп, 2003-жылдың маусым айында сот үкімін орындау мақсатымен Христово-Рождестволық шіркеуінің ғимараты тәркіленді. Қазір Благовещенск кафедральдық соборы мен православиелік Христово-Рождестволық шіркеуінің қай-қайсысы да құдайға табынушы сопылардың қайыр-садақасымен жан бағып отырғандықтан шағымда көрсетілген соманы өтей алмайды. Ал Христово-Рождестволық шіркеуі деп отырғанымыз - осыдан 60 жыл бұрын православиелік дұға оқитын орынға айналдырылған қарапайым бір қабатты үй болып табылады. Ол 1940-1999-жылдар аралығында Павлодардағы бірден-бір православиелік шіркеу функциясын атқарды. Ондағы діни ғұрыптар шіркеу ғимараты тәркілгенген күнге дейін жалғасып келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть