Алтынды жер қойнауынан алып шығып, оны өңдеумен айналысатын азаматтар шыдамы шегіне жеткенін айтады. Себебі, бірнеше айдан бері тиісті еңбекақыларын ала алмай жүр. Ашынған жұмысшылардың айтуынша, орта есеппен әр кенші бір айда 150-170 мың теңге алуы тиіс екен. Бірақ, оны жартысы да қолдарына тимеген. Олар осыны айтып, үш тәулік бойы кеніштен шықпай қойды.
Руслан Шәкіров, кенші:
— Менің бес балам бар, үш балам ертең мектепке барады. Мен жердің астында еріккеннен жүргенім жоқ.
Марат Давахан, кенші:
-Ай сайын алатынымыз жүздің үстінде болатын. Яғни 150-160 мың. Осы айда 64 мыңнан беріп жатыр. Жер астында істейміз. Бетке тағатын ештеңе бермейді. Жағдай жоқ.
Жақында белгісіз себептермен мекеменің басшылары ауысқан. Кеншілер содан бері жалақыдан қағылыпты. Ал алтын мен мыс өндіретін мекеменің қазіргі мамандары болса, бұл шикіліктер бұған дейінгі басшылықтың былығы екенін айтуда. Солардың кесірінен өндіріс 400 млн теңгеге жуық қарызды өтей алмай жатқанға ұқсайды. Алайда жаңа басшылық бұл мәселелер жуырда шешімін табады деп сендірді.
Михаил Петельный, «Русская медная компания» холдингініңэкономикалық қауіпсізді к жөніндегіжетекшімаманы:
— Біз компания ретінде елді-мекеннің дамуы мен оның тұрғындарын еңбекақымен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Адамдар жұмыс істесе, өндіріс те ілгерілейді. Сондықтан мәселенің мән-жайын анықтау үшін осында келдік.
Кеншілер сондай-ақ, өндіріс ошағында қауіпсіздік ережелерінің сақталмайтынын айтады. Тереңдігі жүз метрден асып жығылатын жер астында олардың жұмыс істеуі үшін жағдай жасалмаған. Арнайы құрылғылардың ескіруінен ауа да дұрыс келмейді екен.Тынысы әбден тарылған жұмысшылардың шағымын естіген аудан әкімі шахтаға өзі түсіп көрді.
Ернұр Әйткенов, Баянауыл ауданының әкімі:
— «Майқайын-Алтында» бүгін тексеріс болады. Түгелі заң бойынша тексеріледі. Бірақ осы тексеріс өткенше осы кісілердің еңбегі төленеді.
«Майқайың-Алтын» кеніші енді толығымен тексеріледі. Құзырлы орындар мұндағы барлық мәселені бақылауға алмақшы. Ал ақшадан тарыққан кеншілер мәселенің оң шешім табарына сенім білдіргендей болды.