Жарияланды: 370

Павлодардағы көп қабатты бір үйде түнде болған өрт салдарынан 30 адам басқа жаққа көшірілді

Павлодардағы көп қабатты бір үйде түнде болған өрт салдарынан 30 адам басқа жаққа көшірілді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Өрт 31-наурыздан 1-сәуірге қараған түнгі 2 сағат 30 минутта шыққан. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін оқиға орнына мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметінің 3 тобы жіберілді. Өрт 5-қабатта тұрған лифт кабинасында шықса керек. Өрт сөндірушілер жеткен кезде жеделсаты мен оның шахтасындағы барлық электр жабдықтар өртеніп кетті. Қою түтін салдарынан үйдің осы кіреберісінде тұратын тұрғындар толықтай басқа жаққа көшірілді. Павлодар облыстық мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметінің аға тергеушісі Руслан Серікбаевтың айтуынша, "лифтнің өртенуіне монтаждау және электр жабдықтарды пайдалану барысындағы қателіктер түрткі болмаған". Тергеушілердің пайымдауынша, бұл жолы да өрт қасақана жіберілгенге ұқсайды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодарда лифт ішіне қасақана өрт жіберу оқиғалары жиілеп кеткен болатын. 2002-2004-жылдар аралығында беймәлім қаскөйлер 52 лифтіні жағып жіберді. Оқыс оқиға орнынан қағаз және қоқыс салынған қобдилар табылып отырған. Сол кезде өрт салдарынан бір адам мерт болып, бірнеше адам көмірқышқыл газынан уланды. Материалдық шығын көлемі 80 млн. теңгені құрады. Биылғы жыл басынан бері лифт кабинасында өрт шығу оқиғасы екі мәрте тіркелді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін