Петропавл қаласын қызыл су басты - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
2 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавл қаласын қызыл су басты

Петропавл қаласын қызыл су басты

Петропавл қаласын тасқын басып, мыңдаған отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Баспанасына су кіргендер қаладағы білім ошақтарына жайғастырылды. Оқушылар енді онлайн оқиды.

  • 16 Сәуiр
  • 31
Фото: ашық дереккөз

Құтқарушылар мен коммуналдық қызмет күні-түні жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы КТК арнасына сілетеме жасап.

Осынау қысылтаяң шақта халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің де жолы табылды. Пестрое көлінен жаңа құбыр тартылып, тұрғындар тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді.

Қаланың қай шетін алсаң да су басқан. Тіпті шатырдың үстіне дейін көтеріліп кеткен. Ағын сумен көшіп жүрген шағын үйлер де бар. Бұрын жағасынан аспайтын Пестрое көлі де тасып, Северная звезда паркін басып қалған. Подгора ауданынан басталған тасқын қала орталығына дейін жеткен. Петропавлдан шыға берістегі үш жолдың екеуін қызыл су шайды. Әйтеуір адам шығыны жоқ. Құтқарушылар, әскерилер мен полицейлер тұрғындарды жабылып жүріп үйінен шығарып үлгерген. Олар қаладағы мектептерге орналасты.

«Таңғы сағат 6 жарымда полиция терезе қағып, далаға шығыңдар деді. Жалма-жан киініп, атып шықтық. Қолымызға түскенді алып, ұйқылы-ояу балалармен қаштық десе болады. Өйткені су бау-бақшаны басып, үйге тақап қалды. Судың жылдамдығы қатты болды. Әп-сәтте үйлерге лап қойды. Мұндайды бұрын-соңды көрмеппін, масқара болды», — деді тұрғын Татьяна Бобрышева.

Су басқан үйлерден үй жануарлары мен құстарды да құтқарып жатыр. Құтқарушылар көше бойы қайықпен жүзіп өтіп, әрбір үйде қалған тіршілік иесін аман алып шығуға тырысуда. Жануарлардың қиналғанын көріп, жағада тұру ауыр дейді еріктілер. Олар да қайыққа отырып, көмек көрсетсек дейді.

Біз де көмектескіміз келеді. Қайыққа еріктілерден де бір адам отырса ғой. Олар бұрын құтқару қызметінде жұмыс істеген, тәжірибелері бар. Барлық арнайы киімдері бар. Біздің көмегімізді күткен жан-жануарлар көптеп қалып жатыр онда. Осындай өтінішіміз бар», — деді ерікті.

Жақсы хабар да бар. Қалаға ауыз су қайта берілді. Тасқынмен бірге келген коммуналдық апат кезінде электр бағаналары құлап, су каналының насос станциясы істен шыққан еді. Бұл тығырықтан шығу үшін жаңадан су құбыры да тартылды. Ауыз суды енді Пестрое көлінен алады. Сондықтан сусыз қаламыз деген үрей болмасын деп отыр әкімдіктегілер.

«Су ішуге жарамсыз деп айтуға болмайды. Өйткені барлық стандартқа сай. Сақтық үшін мұндай тасқын кезінде қайнатып ішкен дұрыс. Таңертеңнен бері насос станциясын су басты, ауыз су болмайды екен деген хабарлама тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Тұрғындардан жалған ақпарат таратпауын сұраймыз»,- деді Петропавл әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қалаға сырттан келіп жатқан тасқын судың беті әлі қайтқан жоқ. Мамандардың болжамы аса көңіл көншітпейді. Синоптиктер алдағы күндері ыстық ауа райы су көлемін одан сайын көбейтуі мүмкін деп отыр.

Соңғы жаңалықтар