Жарияланды: 630

Петропавл: үйлердің ауласында заңсыз автобус бекеттері пайда болған

Петропавлда заңсыз автобус бекеттері пайда болды. Базарға таң атпай ауыл-аймақтардан жолаушы таситын қоғамдық көліктер күні бойы қала орталығындағы көпқабатты үйлердің ауласында тұрақтауды шығарған. Қызметтің бұл түрі жолаушылардың көңілінен шыққанымен, мазасы кеткен жергілікті тұрғындар заңсыз бекеттерге наразылық білдіруде.

Орталық базар маңындағы көпқабатты тұрғын үйлердің маңын   автобус  жүргізушілері бекетке айналдырған. Бұл жерде ауыл-аймақтан келетін көліктер аялдайды. Жолаушылары базар аралап келгенше,бұлар осында тұрақтайды. Онысымен қоймай  аулаға күні бойы қоқыстар шашып кетеді екен. 

Вячеслав Акольшин , Петропавл тұрғыны:

- Ұрсыстық та, төбелестік,  тіпті оқ атуға дейін  бардық. Бірақ,еш нәтиже жоқ. Өзім осының салдарынан  талай таяқ жедім. Кейін қолымды  бір-ақ сілтедім.

Бұл жерден күніне он шақты көлік қала сыртына қатынайды. Әр жүргізуші бағытты өзі таңдайды. Билет деген атымен жоқ, жолақы құны –келісуіңізге байланысты. Жүргізушілердің қолдарында жолаушы тасымалдауға рұқсат беретін лицензия да жоқ. Бірақ халық үшін жұмыс істеп жатқандарын айтуда.

Тұралы Сибанов, автобус жүргізушісі:

 - Халыққа ыңғайлы, жүгіріп жүрмейді,бір жерден отырып,  бір жерден кетеді.  Жүктерін  осы жерден салып қояды, тасып жүрмейді.   

Анна Лоренс, жолаушы:

- Бізге ыңғайлы. Бір қап қант алдым, оны автовокзалға тасып жүруге такси керек. Мына жерден автобусқа  сала қоямын, үйге дейін жеткізіп салады.   

Заңсыз жолаушы тасымалдаушылардың кесірінен қыруар пайдадан қағылған Петропавл автовокзалының әкімшілігі бұлармен күресетін ерекше тәсіл тауыпты. Енді олар да өз автобустарын осы аулаларға қоятын болған. 

Тұралы Сибанов, автобус жүргізушісі:

- Автовокзалдан  қазір  осында келіп тұрамыз. Халыққа  оңды,  алатын заттарын   осында салып, бір жерден шыға қоямыз. Сосын вокзалға барып, вокзалдан билеттерін алып,аттанамыз.

Бұл жағдайдан жергілікті билік өкілдері бейхабар болып шықты. Ал прокуратура мен СЭС мамандары тұрғындар тарапынан «шағым түспеді»дегенді желеу етіп, ешқашан тексеру жүргізбепті. Аулада көлік қоюға тыйым салатын жол белгісі жоқ болғандықтан бұл жерде полиция да қауқарсыз көрінеді.   

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін