Петропавлда оқушы мұғалімін 100 теңгеге сатып жібермек болған - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавлда оқушы мұғалімін 100 теңгеге сатып жібермек болған

Петропавлда оқушы мұғалімін 100 теңгеге сатып жібермек болған

Естімеген елде көп. Петропавл қаласындағы орта мектептің оқушысы ұстазын танымал интернет порталға жарнама беру арқылы сатып жібермек болған.

  • 3 Ақпан 2017
  • 441
Фото - Caravan.kz

Қазақстанда адам саудасы заңмен қудаланатынын оқушы мүлдем білмепті, демек «Құқықтану» пәні дұрыс оқытылмаған сыңайлы, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

№7 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Олег Лысакка таныстары хабарласып, бөгде біреулер оны алып кетпей тұрғанда өздері сатып алғылары келетінін айтқанда аса сене қоймаған. Ал жоғары білімді, тепсе темір үзетін жігітті бар-жоғы 100 теңгеге бағалағанын естігенде намыстан жарылып кете жаздапты. Бірден мектеп директорына барған. Сәл ашуы басылған соң екеуі жарнамадағы телефонға хабарласса, тұтқаның ар жағынан өз оқушыларының бірінің дауысы естілген. Сөйтсе «адам саудасымен» айналысып жүрген 9-шы сынып оқушысы екен.
Денсаулығына байланысты дене шынықтыру пәніне қатыспайтын ол уақытын босқа өткізбепті, төмен қарап журнал толтырып отырған ұстазын телефонға суретке түсіріп алған. Кейін оны жарнама жарияланатын интернет порталға жүктеп, астына: «Ақылды, тақыр бас, шымыр денелі мұғалім сатамын» деп жазып қойыпты. Әлде абайсыздан ба екен, әлде әдейі істеді ме, әйтеуір, өзінің телефон нөмірін жазып жіберген.
Жарнама лезде өшірілгендіктен ұстазды сатып алғысы келетіндер көп хабарласпапты. Бірақ оқушылары мен ұжымның алдында ұстаздың абыройы айрандай төгілгені анық.

Бұл мәселеге байланысты түсініктеме беруін өтініп, Петропавл қаласындағы №7 мектептің директоры Гүлнәр Таласбаеваға хабарласқан едік. Ол бұл іс баланың әзілі екенін айтты.


«Осы жағдайдан кейін мектепке оқушының анасын шақырып, әңгімелестік. Бала мен анасы мұғалімнен кешірім сұрады. Ұстаз өз құнын 100 теңгеге ғана бағалаған оқушысына алғашында ренжіген, кейін кешіретінін айтты. Оқушы бұл ерсі қылығын «жай ғана әзілдедім, жағдай ушығады деп ойламадым» деп түсіндірді. Психолог пен ұстаздар тәрбие жұмыстарын жүргізді. Үйіне дейін барып тексердік, тұрмыстық жағдайы жақсы, еш оғаш әрекеттер байқалмады. Анасымен бірге тұрады екен. Шамасы ол жұрттың назарын өзіне аударту үшін істеген болуы да мүмкін», – деді білім ошағының басшысы.

Соңғы жаңалықтар