Жаз бойғы еңбегім еш кетті деп жылаған мына зейнеткерлер қала сыртындағы «Ракета» деп аталатын саяжайшылар қоғамының мүшелері. Мұнда бір жарым мың жер телімі бар.
Надежда Степанова, зейнеткер:
-Су жоқ деп күнде жылаймын. Кеше ғана мың жарым теңге беріп бөшкелерімен су құйдырып алдым. Өзім бар болғаны 32 мың теңге зейнетақы аламын. Қыс бойғы азығымды осы жерден жинайтынмын. Енді мен не жеймін?
Күні бүгінге дейін бұл саяжай қоғамы «Есіл су» мемлекеттік кәсіпорнынан судың текше метрін 40 теңгеден алып келген. Тазартылған бұл судың өзіндік құны 560 теңге екен. Айырмашылығы бұған дейін бюджеттен дотацияланыпты. Алайда, былтыр облыс әкімі таза суды бау-бақшаға жұмсау ысырап деп, дотацияны түгел кесіп тастаған.
-Бұл қоғамдағы саяжайлардың үштен бірін иелері тастап кетіпті. Суы жоқ жерлерді сатып алатын да жан табылмаған. Енді мұнда арам шөп пен түймедақтан басқа ештеңе өспейді.
Жұрттың жан айғайы құлақтарына жетті ме, «Есіл су» республикалық мемлекеттік кәсіпорны енді оларға тың жоспар ұсынып, әлеуметтің аптығын басқалы жатыр.
Серік Исмаилов, «Есіл су» РМК директоры:
-Біз Есіл өзенінен, ар жағында бір көлшік бар. Сол жаққа су береміз. Сол жерде «Ромашка» дейтін с кішкентай көлшік бар. Өз насосымен тартып ары қарай береді, сол арқылы біздің Ракета дейтін қоғам сол жерден алатын болды сол суды.
Алайда, Есілден тазартылмаған суды тарту үшін құрылыс жұмыстарына екі миллион теңге керек екен. Бұл ақшаны саяжайшылар жинап беруі тиіс. Қалталарын қағуға мәжбүр болған зейнеткерлер мәселені шенділер шешіп бермесе, наразылықты тоқтатпаймыз деп ашулы.