Жарияланды: 470

Петропавлда тегін дәріден қағылған зейнеткерлер шенеуніктерге өкпелі

Петропавлда тегін дәрімен қамтамасыз етілуі тиіс науқастардың тең жартысы бұл жеңілдіктен қағылды. Осы мақсатқа бюджеттен бөлінген қаржының тамызда -ақ таусылып қалғанын бұрын да хабарлаған едік. Бірақ сол жолы шенеуніктер дәрі-дәрмекке қосымша 90 миллион теңге бөлінгенін, қаржының жыл соңына дейін жететінін айтқан. Тек мұның бәрі бос сөз болып шықты.

Мәриям Шарафединова шенеуніктердің жыл соңына дейін тегін дәрі-дәрмекке қосымша ақша бөлгенін естігенде қуанған. Алайда зейнеткердің көңілі облыстық денсаулық сақтау басқармасына телефон шалғанда -ақ басылыпты.

Мәриям Шарафединова , зейнеткер:

-Тегін жоқ, ақша жоқ, қайда хабарлассаңдар өздерің біліңдер.Тек қана эпилепсиямен және бронхиалды астмамен ауратындарға береміз деді ме  түсінбедім үшіншісін. 

Мәриям әжейдің түсінбеген үшінші сырқаты – қант диабеті екен. Яғни өткен айда қосымша бөлінген 90 миллион теңгеге тек осы эпилепсия, демікпе мен сусамыр сияқты үш ауруға шалдыққандарды қамтуға жетерлік дәрі-дәрмек алыныпты.

Наталья Пакетова, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Қазір қан қысымы мен жүрек аурулары бойынша тегін дәрі жоқ. Өйткені жыл сайын бұл дертке шалдығатындардың саны артып келеді. Сондықтан қаржы жыл соңына дейін жетпей қалды.

Ал осы екі дерт бойынша диспансерлік есепте қазір 65 мың адам тұр.  Салыстыру үшін айтайық, бұл тегін дәрімен қамтылуы тиіс барлық  солтүстік қазақстандықтардың тең жартысы. Әрі жыл сайын олардың саны  шамамен он пайызға артып отыр. Ал ақша керісінше, жылдан жылға азайып келеді. Мысалы, биылдыққа тегін дәріге қаржы өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға кем бөлініпті.   

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін