Жарияланды: 360

Петропавлдық жүргізушілерді полициядан келген айыппұл көлемі шошытты

Петропавлда жүргізушілер өздерінің мемлекетке айлап жылдап  қарыз болып жүргенін аяқастынан біліп шошыды. Барлығына ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл бір мезетте келіпті. Қарыздан хабарсыз жүргізушілер бүгінге дейін жайбарақат жүрген екен. Ал хаттардың қалайша кешеуілдегені белгісіз. Пошташылар мен полицейлер енді жауапкершілікті бір біріне ысырып отыр. 

Ерлан Қалиев бірнеше жыл бұрын да жол ережесін бұзып, айыппұл төлеген. Бірақ ол кезде хабарлама дер кезінде жеткен екен. Ал бұл жолы белшеден қарыз екенін телефон арқылы естіп отыр.    

Ерлан Қалиев, жүргізуші:

-Үш айыппұл  шықты тамыз, қыркүйек, қазан айына.Сол уақытылы неге бермеген конвертті. Мен ол жағын білмеймін. Егер уақытында берсе кішкене жеңілірек болар еді. Төлеу, кішкене қиындау.

60 мың теңге Ерланның бір айлық жалақысы. Жалпы соңғы кездері «мұндай хаттарды алуды қойдық деген шағымдар көбейді» дейді тәртіп сақшылары. Қазір қаладағы 14 камераға күніне жол ережесін бұзуға қатысты 60-70 дерек тіркеледі екен.

Болат Жексембинов, СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

-Барлық айыппұлды пошта арқылы жібереміз. Бірде бір айыппұлдың жіберілмей қалуы мүмкін емес. Бірақ бізге пошташылар «жүргізушінің қолына хатты ұстаттық» деген құжат бермейді ғой.

Пошташылардың да өз уәждері бар. Қолымызға тиген хат міндетті түрде мекен-жайға жетеді дейді олар.  

Тамара Манцуровская,  «Қазпошта» АҚ СҚО филиалы басшысының орынбасары:

-Біздің жәшіктерге салынған хаттардың бәрін иелеріне жеткіземіз. Пошташылар кестеге сай оларды күніне екі рет босатады. Түні бойы сорттап, ары кетсе 4 күнде хатты тиісті жеріне жеткіземіз.

Полициядағылардың ойынша, бұл көлік жүргізушілерінің айыппұлдан құтылу үшін жасап жүрген қулығы болуы мүмкін. Жалпы, ішкі істер департаменті бұдан былай мұндай жағдай қайталанбас үшін хатты байланысшыларға арнайы электрондық поштамен жібермек. Оның бар шығынын тәртіп сақшылары өз мойындарына алып отыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін