Полицейлер интернет-алаяқтардың ең көп тараған қулығын айтып, дабыл қақты - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Полицейлер интернет-алаяқтардың ең көп тараған қулығын айтып, дабыл қақты

Полицейлер интернет-алаяқтардың ең көп тараған қулығын айтып, дабыл қақты

Қызылордалық полицейлер интернет-алаяқтардан сақтануды сұрайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда қаласы ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 8 Қыркүйек 2017
  • 424
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы кездері ғаламтор желісі арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары көбейіп жатыр. Ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану, бөтен мүлікке құқықты иемдену мақсатында әртүрлі заттарды, киім-кешектерді, телефондар мен басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп алдауына түсіретіндер бар.

"2017 жылғы 24 сәуірде 1990 жылы туылған қала тұрғыны "Koleso.kz интернет сайтында орналасқан Nissan Patrol маркалы автокөлігіне қозғалтқыш сатамын" деген хабарламаны көзі шалып қалады. Хабарлама иесімен сөйлесіп, сатып алатындығы жайлы уағдаласып, келіскеніндей Kazkom банкі арқылы шотына 300 мың теңге аударады. Алайда хабарлама иесі уәдесін орындамай ғана қоймай, жәбірленушінің ақшасын да қайтармайды. Осы сияқты сәуір айында 1979 жылғы қала тұрғыны Mazda автокөлігіне қозғалтқыш алып беремін деген алаяқтың арбауына түссе, 1990 жылы туылған азамат Мitsubishi space wagon маркалы автокөлігіне мотор алып беремін деген ғаламтор арқылы танысқан азаматқа алданған. Нәтижесінде біріне 72 мың теңге көлемінде, енді біріне 145 мың көлемінде шығын келтірілген", — деді баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, "Iphone маркалы ұялы телефонды төмен бағада сатып алып беремін" деп алдап, ақшаларын иемденіп алудың да бірнеше дерегі тіркелген. Мәселен, ақпан айында 1993 жылғы қала тұрғыны Olx ғаламтор сайты арқылы Iphone 5S маркалы ұялы телефоны 45 000 теңгеге сатылатыны жайлы хабарламаны көреді. Егесімен телефон арқылы уағдаласып, айтқан сомасын банк шоты арқылы аударады. Алайда, ұялы телефон егесі байланысқа шықпай, ақшаны қалтасына басып, ізді-күйлі жоқ болып кетеді.

Интернет-алаяқтардың арасында өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, ірі көлемдегі несие алып беретініне сендіріп, алдап кететіндер жетерлік. Мәселен, тамыз айында 1977 жылы туылған қала тұрғыны Olx интернет сайтындағы Forte банктен 2 700 000 теңге көлемінде несие алып беремін деген хабарламаны көріп қалады. Хабарлама иесімен байланысып, шотына 135 мың теңге аударады. Шамадан тыс сенгіштігінің нәтижесінде алаяқтың арбауына ілігіп, шығынға ұшырайды.


Барлық дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

"Осы жайттарды ескере отырып, қызылордалық полицейлер қандай да бір келісім жасамас бұрын интернеттегі хабарламаның немесе жарнаманың шынайылығына көз жеткізуін сұрайды. Сонымен қатар, төлем жасамас бұрын алатын заттың бүтіндігін көріп, тексерген абзал. Төлем жасаған жағдайда, чекті сақтап қойып, көрсетілген қызмет жасалмаса, бұл жөнінде құқық органдарына жүгінуін сұрайды", — деп хабарлады ІІБ баспасөз қызметінің өкілдері.
 

Соңғы жаңалықтар