Жарияланды: 60

Полиция инспекторлары әлеуметтік желі арқылы арыз қабылдайды

Полиция инспекторлары әлеуметтік желі арқылы арыз қабылдайды Сурет - Azattyq ruhy

Петропавлдық учаскелік полиция пункттерінің инспекторлары Instagram-да ресми аккаунттар ашты. Парақша арқылы тәртіп сақшылары көпшіліктің өтініштерін қабылдап, халыққа онлайн есеп береді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде қаладағы 13 учаскелік полиция пунктінің әрқайсысының қызметкерлері өздерінің ресми аккаунттарын ашты.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың айтуынша, бұл жұмыс сервистік үлгідегі қызмет пен «жұртқа жақын полиция» қағидаты шеңберінде кезең-кезеңмен енгізілмек. Instagram-аккаунттар әкімшілік учаскедегі азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы ашылған. Қазір полицейлер учаскелік полиция пунктерінің аккаунтарын әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларының статустары мен stories бөлімдерінде тұрғындар хабардар болып, жазлуы үшін жарнамалауда. Бұдан бөлек, ПИК төрағаларынан ресми аккаунттардың сілтемелерін үйлердің чаттарына жіберіп тұруды сұрайды.

«Қалалық полицияның басшылығы да әлеуметтік желілерде азаматтармен хат алмасып, сұрақтарына жауап береді. Учаскелік инспекторлардың, ювеналдық, патрульдік полицейлердің, бір сөзбен айтқанда жергілікті полиция қызметінің жұмысына жетекшілік ететін қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллиннің 2019 жылдың күзінен WhatsApp мессенждерінде қызметтік нөмірі бар. Сол уақыттан бері түрлі тақырыптағы 100-ден астам сұрақ келіп түсіпті. Сұрақтарды тек қалалықтар ғана емес, ауылды жерлердегі тұрғындар, шетелдіктер де қояды екен. Жуырда полицейдің телефонына Түркияда тұрып жатқан әйел бейнеқоңырау арқылы хабарласып, учаскелік полиция инспекторынан Петропавлда тұратын анасына көмектесуді өтінген. Полиция қызметкерлері дереу шаралар қабылдап, проблема тез арада шешілді», - дейді СҚО ПД баспасөз қызметінің маманы Нұрбек Баекин.

Келешекте аккаунттардың ленталарында профилактикалық жадынамалар, учаскелік инспекторлардың байланыс мәліметтері, маусымдық құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік туралы жарияланымдар орналастыру жоспарда бар. Әсіресе, Direct бөлімі мен WhatsApp-тағы қызметтік нөмірге жүгінушілердің сауалдарына жауап беру жалғаспақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін