Басқосу әдеттегідей жабық есік жағдайында өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе дін саласындағы тұрақтылықты нығайту болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда әркімге қалаған дінін ұстану еркіндігі берілген. Бірақ бұл жайт билікті дін саласындағы қарым-қатынасты реттеу міндетінен босатпайды. Елде экстремистік насихатқа жол берілмеуі тиіс. Әсіресе конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған, әрі халыққа қатер төндіретін ашық акцияларды болдырмау қажет. Осыған байланысты Президент мемлекеттік органдарға діни-экстремистік көріністерді ашуда дереу әрекет етуді тапсырды. Барлық әкімдер жер-жерде тәрбие жұмысын күшейтіп, діни бірлестіктерді қатаң бақыламақ. Дегенмен басты жауапкершілік Дін істері агенттігіне жүктеліп отыр.