Жарияланды: 400

Президент индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырған Ә.Исекешевке алғыс айтты

Президент индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырған Ә.Исекешевке алғыс айтты

 

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына арналған жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші бесжылдықта үлкен жұмыс атқарылғанын айта келе, осы жұмысты басқарған бұрынғы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке алғыс айтты, деп хабарлайды Вnews.kz.

«Соңғы алты жылда үлкен жұмыс атқарылды. Мен Әсет Өрентайұлына (Әсет Исекешев – бұрынғы Инвестициялар және даму министрі) жасаған жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Ол Қазақстанда индустрияландыруды енгізудің пионері болды, әлемнің бүкіл дерлік индустриялық елдерін аралап шығып, біздің индустряландыруды қолға алғанымызды жариялап, еліміздің шарттарын жеткізді. Қазір бұл бағдарламаны барлығы біледі. Әрине, олқылықтар да болды. Бірақ, бағдарлама іске қосылып, жүзеге асырылып жатыр. Енді бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет», - деген Президент Әсет Исекешевті жаңа қызметімен (Астана қаласының әкімі) құттықтады. Сондай-ақ, жаңа Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сәттілік тілеп, олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру бағдарламасына арналған дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір өтіп жатыр. Шара барысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындысы шығарылып, екінші жартыжылдықтағы міндеттер айқындалады. Жалпы, бүгін телекөпір режимінде 11 жаңа өндіріс ошағы іске қосылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін