Президентке Қытайдағы қазақтардың халін айтқан Өмірхан Алтынның сөзінің жаны бар - Ауыт Мұқибек - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президентке Қытайдағы қазақтардың халін айтқан Өмірхан Алтынның сөзінің жаны бар - Ауыт Мұқибек

Президентке Қытайдағы қазақтардың халін айтқан Өмірхан Алтынның сөзінің жаны бар - Ауыт Мұқибек

Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ Өмірхан Алтын Елбасыға соңғы кездері Қытай үкіметінің ондағы қазақтардың құқықтарын таптап жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ағайындарымызға қатысты Ханзу билігі халықаралық адам құқықтарына қайшы әрекеттер жасауда. 

  • 4 Шiлде 2017
  • 9234
Фото - Caravan.kz

Толыққанды мәлімет алу үшін Caravan.kz медиа-порталы шеттегі қандастар мәселесін жиі көтеріп жүрген Ауыт Мұқибек мырзамен тілдесіп көрді.

— Өмірхан Алтын айтқан секілді мәліметтер, қандайда бір нақты фактілер сіздерге белгілі ме?

— Ондай ақпараттардың бар екені рас. Мендегілері баспасөздегі ақпарат, сосын келген кеткен кісілерден естіп жатқан мәлімет. Сондай-ақ өзім сияқты шеттегі қандастар мәселесімен айналысатын өзге азаматтардың жалпылама пікірі. Ал енді Өмірхан Алтын мұны Елбасының алдында мәселе қылып қойды. Ол ел арасында үлкен дүмпу туғызды. Тіпті телефондағы WhatsApp сияқты желілерде тарап, талқыланып жатыр.

Бірақ мені алаңдататын күдік күмән бар. Ол дүмпу сол беті қалып қоя ма деп күдіктенем. Себебі көші-қонмен айналысқанда көп мәселе газет бетінде оқырманның оқуымен ғана шектеліп, қалып қойған жағдайлар көп кездесті.

— Ал осыны сөз жүзінде қалдырмау үшін не істеу керек?

— Қытайдағы қандастарымызда ондай мәселені ашық айтып көтеруге мүмкіндік жоқ. Қытайда үлкен коммунистік жүйе, қазір қылышынан қан тамып тұрған жағдай. Алтын Өмірханның сөзімен айтсақ қазақтарға қиянат жасалып жатыр. Халықаралық заңға қарсы әрекет жасалуда. Еларалық нормаларды сақтамай отыр. Қазақстанның елде тұруға рұқсат беретін ықтиярхатын тартып алып, өз заңдарына да қайшылық жасап жатқан жағдайлары бар. Елге кетіп жатқан кейбір зейнеткерлердің зейнетақысын алып қалып, өрескел әрекеттерге баруда. Сол үшін жалпылама хат жазғаннан көрі зардап шеккен адамдардың осы жақтағы туыстары нақты фактімен құзырлы орындарға болған оқиғаны айтып, хат жазып шағым түсіру керек. Егер осындай шағымды жүздеген адам жазса бұл үлкен проблема деген сөз. Сонда барып тиісті органдар бізден осынша адамнан осынша ақпарат, шағым түсті, деп Елбасыға жеткізуі мүмкін. Елбасы айтты ғой мен мұндай ақпараттан бейхабармын деп, егер жазбасақ сол сияқты Сыртқы істер министрлігі де Елбасыға бізге ондай ақпарат келіп түскен жоқ деуі мүмкін.

— Өмірхан Алтынның өзімен сөйлесіп көрдіңіз бе ол кісінің айтқаны қандай фактілер екен?

— Жоқ, ол кісінің өзімен сөйлесе алмадым. Ал енді Өмірхан Алтын ол жай адам емес. Ол бір кездері Американың құзырындағы атақты радиосында журналист болған. Батыста ешқандай дерексіз сөйлемейтін Қасен Оралтайдың қол астында жұмыс істеген жігіт.Сондықтан ол дерексіз сөйлемейді деп ойламын.

— Жалпы Құрылтай көңіліңізден шықты ма?

— Енді құрылтай болған соң азды-көпті тамашасы болады ғой. Бірақ, шын мәнінде Елбасы біз армандап жүрген бүкіл мәселелерді шешіп берді. Армандарымыз бен өтініш-тілектеріміздің бәрін орындады. Ең басты мәселе — көш тоқтамайды деді. Келем деген қазаққа құшағымыз ашық деді. Ашық деп қана қойған жоқ айқара ашық деді. Алдыңғы құрылтайда заңда кедергілерді жоятын мәселелерді қайта қарап жатырмыз деген. Айтса айтқандай кедергілердің бәрі жойылды. Сосын 2011 жылдан бері көтеріп келе жатырмын Тұңғыш президенттің «көші-қон» қорын құру керек деп. Өйткені әлеме мұндай тәжірибе бар. Израилде, Германияда бар. Мысалы Израилде ондай қор 1856 жылы құрылған. Содан бері еврейлердің атақты ауқатты байлары әлемнің қай түкпірінде жүрсе де әлгі қорға ақша құйып отырады. Әлемнің барлық еліндегі еврей ұлтының өкілдері көшіп келе алмаса өмірінде бір мәрте сол қордың есебінен Израилге барып құрылтайына қатысып, елін аралап қайтуға құқы бар. Еврейдің атақты байлары өздерінің пайдасының он пайызын аударып отырады. Сондықтан «Отандастар» деген қордың құрылғанына қатты қуандым және өз табысымның бір пайызын сол қорға аудардым. Егер еліміздегі азаматтардың бәрі табысының бір пайызын қорға аударып отырса, сол қордың ақшасымен-ақ әлемдегі 5 млн қазақты былайда былай көшіріп алуға болады. Бізде Форбстің тізіміндегі әйгілі байларымыз көп қой.

— Сонда «Отандастар» қорының айналысатын негізі функциялары қандай болады?

— Оны енді үкімет нақты белгілейді. Бірақ, бір анығы қор аяғынан еврейлердікі сияқты тік тұрып кеткенше билік өзі қаржы аударып, өзі бақылап отырады.

Ұлттық код деген болады. Біз шыны керек сол кодтан ажырап қалған халықпыз. Оның кесірі өз еліңді тонау түрінде көрініс беріп жатыр. Шетелге қаштық ақшаны алып, ЭКСПО-дан ақша жеп қойып, әлемнің алдында қара бет бола жаздадық. Тағы тағысы бар. Ал егер ұлттық код болса ол елге, мемлекетке жаны ашитын еді. Егер бойдағы ар-намыс, деген нәрсе яғни коды оянса ұлттық қорға ештеңені аямайды.

Біз шынын айтсам әлі орта ғасырдың деңгейінде жүрміз. Әлі нәзір бұзыр. Әркім атасының басына тас орнатады, оған атын жазады. Ат жарыс ұйымдастырады, айтыс өткізеді. Оған бәленбай мың адам шақырады. Мысалы, өткен жылдары Зуқа батырдың тойы 11 мемлекетте тойланды. Соның қазақ көшіне 11 тиындық пайдасы тиген жоқ. Ішті жеді, кетті. Ал сол тойға кеткен ақшаны «Отандастар» қорына аударшы, сол Зуқа батырдың ұрпағынан 50 немесе 100 отбасыны көшіріп алып келуге болар еді. Соған татитын ақша кетті. Жәнібек батырдың да тойна сондай қаражат кетті. Мен білемін жігіттердің соған қанша ақша жұмсағанын. Сондықтан бұл қор да ұлттық намысты оятатын, кодты оятататын дүние болмақшы.

— Қордың жұмысына қатысты өз тарапыңыздан ұсыныс жасайсыз ба?

— Әрине жасалады. Еврейлердің механизімі болу керек. Сосын таза адам басқару керек.Сосын біз қоныстандыру мәселесін шешуіміз керек. Оған тек пәлен ақынның шығармашылығы деп той жасап, ананың жүз жылдығы, түгеннің кітабының тұсау кесері деген сияқты дүнелер өткізуді қою керек.

— Ал биылғы көші-қон жағдайы қалай болып отыр?

— 4 жыл азаматтық бермейтін заң қабыланған кезде, 2015 жылы 5-ақ мың қазақ келді. Сөйтіп көш тоқыраған. Ал кейін Елбасы бұйрық беріп заң қалпына келген соң былтыр 33 мың 754 қандасымыз көшіп келді. Яғни жеті есеге жуық. Биыл Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған мәлімет бойынша алғашқы үш айда 4900 адам көшіп келіпті.Ал енді күзге дейін былтырғы межеден аспаса кем қалмайды деп ойлаймын.

Соңғы жаңалықтар