Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуы: Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы қаралды - kaz.caravan.kz
  • $ 463.91
  • 544.63
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
12 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуы: Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы қаралды

Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуы: Үкіметте көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің аграрлық саланы дамыту жөніндегі міндеттеріне сәйкес, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды. Жиында Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, «Бәйтерек» холдингінің басшылары, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдері баяндама жасады.

  • 12 Мамыр
  • 4
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы аграрлық саланы дамыту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелеріне ерекше мән беретінін атап өтіп, ол үшін көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу керек екенін баса айтты.

«Мемлекет басшысының конституциялық реформасы елімізді одан әрі жаңғыртуға, оның ішінде экономиканың барлық саласын дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және импортқа тәуелділікті азайту өте өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда басты міндет – егіс науқанын сапалы жүргізу», — деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Қаражат бөлінді, фермерлерді техникамен және ресурстармен қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Бұл ретте агротехнологиялық талаптарды қатаң сақтау және шаруаларды жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылды. Биыл 2,3 млн тонна тыңайтқыш себу және элиталық тұқымдардың үлесін 11,7%-ға дейін жеткізу жоспары бекітілді. Премьер-министр аталған көрсеткіштерге толық көлемде қол жеткізу керектігін атап өтті. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау шараларын уақтылы жүргізіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысын жалғастыру маңызды.

Ауа райы жағдайларына мониторинг жүргізуге ерекше назар аударған жөн.

Экология министрлігі жедел шешімдер қабылдау үшін егіншілерге өзекті метеорологиялық болжамдарды уақтылы беруді қамтамасыз етуі қажет.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және отандық машина жасаушыларды әрі қарай да қолдау қажеттігін баса айтты. Соңғы 3 жылда фермерлер 70 мыңға жуық жаңа техника сатып алды, оның 90%-ы өзіміздің отандық өндірістен шыққан. Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі жаңа техниканың үлесін арттыру жұмысын жалғастыру, өнім түрлері мен көлемін арттыру үшін отандық машина жасаушыларды әрі қарай да белсенді ынталандыру тапсырылды.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды дамыту шаралары қаралды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында саланы цифрландыруға баса назар аударғаны атап өтілді. Премьер-министр цифрлық құралдар аграрлық өндірістің барлық кезеңінде, яғни процестерді жоспарлау мен бақылаудан бастап дайын өнімді есепке алу мен сатуға дейін қолданылуы тиіс екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығында цифрлық шешімдер мен ЖИ енгізудің табысты тәжірибелерін кеңінен тарату қажеттігі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ леулі жер ресурстарына ие шаруашылықтардың әлеуетін толық жұмылдыру керек.

Жалпы соңғы жылдары өсімдік шаруашылығы орнықты өсім көрсетіп келеді, негізгі міндет – осы қарқынды сақтап қалу.

Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Бірінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі   әкімдіктермен және «Бәйтерек» холдингімен бірге   диқандарды барынша қамти отырып,   өтінімдерді қарау   және жеңілдетілген қаржы бөлу рәсімдерін оңтайландырсын.

Олар   басы артық әкімшілік кедергілерге  тап болуға тиіс емес. Барлық өтінімдерді   тез әрі ашық түрде қарау қажет.

Сонымен қатар егіншілердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында   Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері   Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге аймақтарға да таратып, револьверлік қаржыландыру тетігін қарастыруы қажет.

Екінші. Шегірткенің таралу қаупін ескере отырып,   Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірге   жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп,   зиянкестерге қарсы профилактикалық   және қорғаныс шараларын қабылдасын. 

Олардың таралу болжамдарын қайта қарап, шұғыл әрекет ету үшін  ведомствоаралық үйлестіруді күшейту тапсырылды.

Үшінші. Вегетациялық кезеңнің басталуын ескере отырып, Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оңтүстік өңірлерді егінге қажетті сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

«Ауыл шаруашылығында   су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу қажет. Су тапшылығының қаупі жоғары өңірлерді   басым тәртіппен қаржыландыруды қарастырып,   диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыратын   кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Бірқатар оңтүстік аудандарда   фермерлер тарапынан   су тапшылығына қатысты шағымдар тіркелуде. Мұндай мәселелерді шешу жұмыстары   тұрақты түрде жүргізілуі тиіс», — деп атап өтті Премьер-министр.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі   облыс әкімдіктерімен бірге   егіс жұмыстарының уақтылы аяқталуын   және жазғы егіс науқанының сапалы өтуін бақылауды қамтамасыз етуі қажет. 

Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.