Жарияланды: 780

Қарағанды облысында қар мен мұздың еруі салдарынан 60 үй су ішінде қалды

Қарағанды облысында күн райының шұғыл жылынуына байланысты қар мен мұздың жылдам еруі салдарынан 60 үй су ішінде қалды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасынан хабарлады.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мәліметі бойынша, облыс орталығында 35 тұрғын үй мен мәдени-тұрмыстық үш нысан су ішінде қалды. Қазір апатты ахуалдың зардабын жою шаралары жүзеге асырылуда. Бұхар жырау ауданы Заречный ауылында тіптен күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл жерде 20 үй, шаруашылық нысандар мен аулалық учаскелер еріген судың ішінде қалған. Төтенше апатты жағдайда тұрған бес үйдің тұрғындары осы ауылдағы басқа үйлерге көшірілді. 31-наурызда және 1-сәуірге қараған түні Қызылорда-Павлодар бағытындағы тас жолдың Қарабас ауылы маңындағы, Қарағанды-Қарқаралы тас жолының Матақ ауылы маңындағы бөліктері су астында қалды. "Қазақавтожол" РМК мен Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы бірлесе отырып апаттың зардабын жойды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасындағылардың айтуынша, су тасқынына қатысты ахуал жіті бақылауда. Мамандардың болжамы бойынша, биыл облыста ірі су тасқыны болмайды. Бүгін, 1-сәуірде Қарағандыда желдің жылдамдығы секундына 22-23 метрге дейін күшейіп, ауаның температурасы 15-16 градус жылылықты көрсетеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін