Нұрлан Жабаев өзі тұрған үйдегі бөлмелердің орналасуын есіне әрең түсіріп тұр. Себебі тасқын жүріп ненің қайда қалғанын білмей абдыраған жанұя есін енді жиып жатыр. 60-шы жылдарда салынған саман үйде ширек ғұмырын өткізгендіктен қимастығы болса да, жаңасы жарылқайды деп сенеді ол.
Нұрлан Жабаев, Мұстафин ауылының тұрғыны:
-Жақсы болған, үлкен жылы үй болған. Саман үй жалпы жылы болады ғой. Қазір жобадан қарадым, материалдарды қарадым. Мына жаңа үй тамаша болады. Свай салды. Сосын бетон құяды.
Жалпы, Қарағанды облысында 359 үй апатты деп танылды. Оның басым бөлігі Мұстафин ауылында. Сондықтан құрылыс науқаны да осы жерде басталып, қазір алғашқы сүрілген 44 үйдің онының қадасы қағылып, іргетасы өріле бастады. Биліктегілер баспаналардың барлығы күзге дейін салынып бітеді деп сендірді. Құрылысқа мықты деген компаниялар іріктеліп алынған. Қажетті қаражат та болжаммен есептеліп қойыпты.
Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі :
-Тек қана құрлыстың өзіне біздің есебімізше 3 жарым миллиард қаражат бөлінуі керек. Одан бөлек жолдар, әлеуметтік нысандар бар, бәрін бүгінгі таңда есептеп келгенде 10 миллиардтан астам қаражат керек. 4 көпір бар бұзылып жатқан, оның барлығын ретке келтіру керек. Сондықтан көп қаражат керек болып тұр.
Бір ғана Мұстафин ауылында 272 үй апатты деп танылған. Оның 169-ның қожайыны үйлерін мынадай жермен-жексен қылып сүріп тастауға рұқсаттарын беріпті. Ал рұқсат бермегендері тиісінше өтемақы алатын болады. Алайда ешбір құжатсыз баспаналардың қожайындарының жағдайы қазір ауыр боп тұр. Өйткені ол баспаналарды тұрғызуға бюджеттен қаражат қарастырылмайды. Сондықтан олар енді демеушілік көмекке жәутеңдеуге мәжбүр болмақ.