Ауылға алшаң басып әкім қаралар келгенде, су жаңа баспанаға кіргендер оларды құдайы қонақ қып күткен. Шашу шашып, еті асылған дастарханнан дәм татқан облыс әкімі өткен аптада ауылдағы құрлыс жұмыстарын аяқтағанын айтып көсілді.
Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды облысының әкімі:
-Көктемде су тасқынынан зардап шеккен үйлердің бәрін біз құрлысын бітіріп, осы үйлерге иелерін кіргізіп жатырмыз. Сонымен осы елді мекенде осы жұмыс аяқталды деп айтуға болады.
Мария әжей жаз бойы түнеген мына баспанасы қазір суық. Бірақ амал жоқ, ауырып сырқаса да лашығынан алыс кете алмайды. Көңілге медеу болары салынып жатқан мына кең сарай. Құрлыс жұмыстарына телмірумен қарияның жарты жылы өтті.
Мария Ванюркина, Ғ. Мұстафин ауылының тұрғыны:
-Ұсақ түйек жұмыстары жетерлік. Айтып тауыса алмайсың. Жұмыскерлер жанталасып жатыр обалы не керек. Бірақ өзімді кіргізбейді ішке, аяқтың асына оратылып мазамызды аласың деп. Қайтейін енді салып бітірсе болды да.
Көршілес жатқан тағы бір тұрғынның үйінің сырты жылан жалағандай болғанымен, іші әлі астан-кестен. Едені жалаң, есік түгілі жақтаулары жеткізілмеген, құмырсқаша қыбырлаған құрлысшылар қабырғаға әлі жабысып жүр.
Фрида Привалова, Ғ. Мұстафин ауылының тұрғыны:
-Материалдары жоқ. Ақша жоқ дейді. Мен құрлысшыларыма ренішім жоқ. Бар кәнірат басшыларда екен. Ақша бөлмейтін көрінеді. Өткенде келіп сән салтанат құрып тойлап кетті, ал біз әлі далада жүрміз.
Құрылыс аяқталатын мерзімді үш рет кейінге шегерген биліктің мақсатын тұрғындар түсіне алар емес. Көзбояушылық жасап, көпе көрнеу өтірік сайрағанша баспанаға желтоқсанда кіресіңдер десе де, қыр асып кетпес едік дейді. Ал әзірге, күздің күнін есептемегенде ызғарлы түнінен ықтасын іздегендер сарайларда немесе атасынан қалған киіз үйде күнелтуде. Мұстафин аулының өзінде-ақ жиырмадан аса отбасы осындай күйде жүр.