Жарияланды: 2100

Қарақшылар сиырларды қарумен жайратып салып, жіліктеп әкеткен

Қарақшылар сиырларды қарумен жайратып салып, жіліктеп әкеткен Сурет - ktk.kz

Батыс Қазақстан облысында қарақшылардың қатігездігі ел-жұрттың жағасын ұстатты. Олар түн жарымда өрісте қалған сиырларды қарумен жайратып салып, жіліктеп әкеткен. Тұрғындар мұндай сұмдыққа барған барымташылар адам өлтіруден де тайынбайды деп қорқып отыр. Сондықтан полицейлерден қаскөйлерді тез арада ұстап, жазалатуды талап етуде. 

Барымташылардың бұл әрекетін асқан қатігездікке теңеген жергілікті жұрт бір-ақ күнде жер сипап қалды, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Демалыс күні өріске шыққан жеті бас сиыр кешқұрым қайта оралмаған. Ал ертеңіне ми даладан жеті қараның басы мен тұяғы ғана табылыпты.

"Жауыздықпен мылтықпен атып өлтірген. Терілерін алып кеткен. Ішек-қарынды төгіп тастаған" дейді Өркен ауылының тұрғыны Махамбет Ғабдышев.

Тұрғындардың айтуынша, ұрылар Зеңгі баба тұқымын зеңбірекпен атқандай жайратып салған. Тек содан кейін ғана пышаққа түсіпті. Бұйығы жатқан ауылда бұған дейін ұрлық-қарлық болғанымен, дәл осы тәсілмен малға түскен барымташы жоқ еді. Қарақшылардың ашкөздігінен шошынған ел енді өз өмірлеріне қауіп төнгенін айтуда.  

"Бұл жағдайдың дәл осылай аяқталғанына шүкір. Егер олардың көзіне біреуіміз түскенде, бізді де атып түсіруден тайынбас еді" дейді аталған ауыл тұрғыны Қадыр Көбеев

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал оқиғадан әбден жүректері шайлығып қалған ел полицейлерге қалайда қылмыскерлерді қолға түсіріп, қатаң жазаға тартуды талап етуде. Айта кетейік, биылдың өзінде Батыс Қазақстан облысында ірілі-ұсақты 900 бас мал қолды болған. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін