«Қаражамбасмұнайдың» ереуілге шыққан мұнайшылары Елбасынан көмек сұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қаражамбасмұнайдың» ереуілге шыққан мұнайшылары Елбасынан көмек сұрады

«Қаражамбасмұнайдың» ереуілге шыққан мұнайшылары Елбасынан көмек сұрады

«Қаражамбасмұнай» АҚ, «Тұлпармұнай» ЖШС, «Арғымақтранссервис» ЖШС-інің ереуілге шыққан мұнайшылары ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап, көмек сұрады, деп мәлім етті кәсіпорынның жұмыстан шығарылған жұмыскері, монтаждаушы Мәлік Меңдіғалиев.

  • 24 Маусым 2011
  • 658
Фото - Caravan.kz

«Біз құжаттардың бәрін президент әкімшілігінің канцеляриясына жолдадық. Ендігі үміт мемлекет басшысында ғана», — деді ол журналистерге жұма күні.

«Қазақстан конституциясы мен еңбеккерлер құқықтарының кепілдігі ретінде ҚР президенті Н. Ә. Назарбаевтан шара қабылдап, жағдайды жеке бақылауға алуын сұраймыз», — делінген мемлекет басшысына жолданған мәлімдемеде.

М. Меңдіғалиевтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ президенті Қайыргелді Қабылдин ел халқын алдады, разрядына байланысты жұмыскерлердің жалақысы Т250 мың мен 450 мың аралығында деген оның ақпараты шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ, ҚМГ басшысы ереуілге шыққандардың жалақыны көтеру туралы талабы экономикалық негізделмеген деп есептейді.

«Біздің жұмыскерлер Қабылдин айтқан сомалардан бірнеше есе аз алады, яғни разрядына байланысты Т80 мыңнан 150 мыңға дейін. Егер оның айтқаны шындыққа сәйкес келсе, және біз үкіметтің 2009 жылдың 9 маусымындағы № 548 қаулысына сәйкес ақша алсақ, ереуіл болмас еді», — дейді мұнайшылар мәлімдемелерінде.

«Біздің еңбек жағдайларымыз бойынша және Маңғыстау облысы үшін бұл ақша (Т80 мыңнан 150 мыңға дейін — ҚазТАГ) түк те емес. Бізде қарақұмық килограмы үшін 600 теңге, ет 1,5 мың теңге тұрады. Мұндай жалақыға өмір сүру мүмкін емес», — деді М. Меңдіғалиев.

Сондай-ақ, мәлімдемеге талаптардың заңдылығын, ереуілдердің себептерін қуаттайтын құжаттар тіркелді.

М. Меңдіғалиев ереуілдің алдында 8-17 мамыр аралығында аштық акциясы өткізілгенін айтты. Алайда жоғарыда аталған ұйымдардың әкімшіліктерімен «түсіністікке келмегендіктен» және жалақыны көтеру туралы заңды талаптарын қанағаттандырмағандықтан, «жұмыскерлер Қаражамбасмұнай кен орнындағы жұмысты толығымен тоқтатуға мәжбүр болды». Ереуіл әлі күнге дейін жалғасуда, деп мәлім етті кәсіпорынның бұрынғы жұмыскері.

«Жұмыскерлердің заңды талаптарын қанағаттандырғанның орнына, жұмыс беруші ҚР заңдарын, соның ішінде, Еңбек кодексінің 305-ші бабын өрескел бұзып, жұмыскерлерді жұмыстан шығарып, үкіметтің қаулыларын елемей, орындамай отыр», — делінген мәлімдемеде.

М. Меңдіғалиевтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін еңбек кодексінің 54-ші бабы бойынша, «үш сағаттан артық уақыт жұмысқа келмеу» бойынша, 128 адам жұмыстан шығарылған.

«Қазір бір мыңдай адам жұмыс істеп, 3 мыңнан аса адам жұмысқа бармай жүр. Біз басқа облыстардан келгендерді үйлеріне жібердік, өйткені олардың ақшасы жетпей жатыр», — деді ол.

Кәсіпорын жұмыскерлері еңбек кодексінің 305-ші бабына сілтеме жасап отыр, оған сәйкес, жұмыс берушінің «ұжымдық еңбек дауын реттеу, ереуіл кезінде» қызметкерлерін жұмыстан шығаруға құқығы жоқ .

«Олар (Қаражамбасмұнай басшылығы- ҚазТАГ) ереуілді заңсыз деп отыр. Бірақ әзірге соттың ереуілдің заңсыз екені туралы шешімі күшіне енген жоқ. Түпқараған ауданының соты осындай шешім шығарды. Біз аппеляциялық арыз бердік, осыған байланысты соттың шешімі әлі күшіне енген жоқ», — деді кәсіпорынның монтаждаушысы болған жұмыскер.

Соңғы жаңалықтар