Жарияланды: 460

"Қару-2003" операциясы барысында Павлодар облысының азаматтары 73 қару мен 140 оқты полицияға өз еріктерімен табыс етті

"Қару-2003" операциясы барысында Павлодар облысының азаматтары 73 қару мен 140 оқты полицияға өз еріктерімен табыс етті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Павлодар облыстық ІІБ-ның баспасөз орталығынан хабарлады.

Азаматтар өз еркімен келіп полицияға өткізген қаруларының ішінде 33 мылтық және газды қару, 25 тегіс оқпанды қару, 15 суық қару бар. "Қару-2003" операциясы шілденің 21 мен 24-і аралығында өткізілді. Операцияның басты мақсаты- заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, жарылғыш қондырғылар мен материалдарды анықтап тәркілеу болып табылды,- деп хабарлайды баспасөз орталығы. Шара барысында облыс бойынша қару-жарақ және жарылғыш заттармен байланысты 42 қылмыстық іс тіркеліп әшкереленді. Облыстық ішкі істер бөлімінде тіркелмей, заңсыз сақталып келген 43 қару, атап айтсақ, 6 бесатар, 32 тегіс оқпанды қару, 165 заңсыз сақталған оқ-дәрі тәркіленді. Сонымен қатар шаралар барысында 4180 қару және газды қару иесі тексерілді. Жеке қару иелерінің арасында қару сақтауға лицензиялық рұқсат беру тәртібін бұзуға байланысты 158 оқиға әшкереленді. "Қару" операциясы өткізілуіне байланысты Павлодар облыстық ІІББ азаматтардан заңсыз сақтап отырған қару-жарақ, суық қару мен оқ-дәрі, жарылғыш заттарды өз еркімен келіп тапсыруды сұрады. "Заңсыз сақталған қару-жарақтарын өз ықтиярымен келіп тапсырған азаматтарға қылмыстық және әкімшілік жаза қолданылмайды. Қару тапсырған адам соңынан тиісті құжаттарын өткізген жағдайда ондай адамға қаруды сақтауға немесе оны арнаулы дүкендер арқылы сатуға рұқсат беріледі",- дейді баспасөз орталығындағылар. Павлодар облысында жалпы алғанда 750 мың адам тұрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть