Жарияланды: 740

Қаржы полициясы "Реформа" орталығы" ЖШС-нің президенті Қосановқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап сотқа жіберді

Алматы қалалық қаржы полициясы департаменті Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бастамалар жөніндегі "Реформа" орталығы ЖШС-нің президенті Әміржан Қосановқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап сотқа жіберді. Бұл туралы қалалық қаржы полициясы департаментінің баспасөз қызметінен 29-қыркүйекте таратылған хабарламада айтылған.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қалалық қаржы полициясы департаменті 2002-жылдың қарашасы мен 2003-жылдың қаңтар айында ҚР Қылмыстық Кодексінің 222-бабы, 1-бөлімінде (салық төлеуден жалтару) , 325-бабының 1-бөлімінде (жалған құжаттар пайдалану) қарастырылған қылмыстық нышандар бойынша Ә.Қосановтың үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бастамалар жөніндегі "Реформа" орталығының құрылтайшылары Е.Бапи мен Ә.Қосанов болып табылады. Сонымен бірге, Ә.Қосанов серіктестік директоры қызметін атқарады. "Реформа" орталығы салық заңдарында қарастырылған жеңілдіктерді ала алмайтын коммерциялық ұйым болуына байланысты орталық қызмет еткен мерзімде айыппұл немесе пеняларды ескермегенде 3,25 млн. теңгенің салығы өндіріп алынбаған. Серіктестіктің қаржылық іс-қызметі , Ринат Ахметшиннің басқаруындағы "Қазақстан 21-ғасыр" (АҚШ, Вашингтон) және "Экономикалық және саяси зерттеулер жөніндегі халықаралық Еуразиялық нституты" (АҚШ, Вашингтон) Халықаралық қорларынан алынған грант есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Ә.Қосанов ортақ кассадан 234,6 мың теңгені жасанды кассалық кіріс ордерінің көмегімен алып, жұмсап жіберген. 15-тамызда Ә.Қосановқа ҚР Қылмыстық Кодексінің 222-бабы, 1-бөлімінде (салық төлеуден жалтару) , 325-бабының 1-бөлімінде (жалған құжаттар пайдалану) қарастырылған қылмыстық әрекетке барды деген айып тағылып, қаладан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынған. 25-тамызда айыпкер мен оның қорғаушысы қылмыстық іс материалдарымен танысып бітті. Ал 29-тамызда қылмыстық іс материалдары айып тағу туралы қорытындымен қоса сот бойынша жаза жүктеу мүмкіндігін анықтау мақсатымен Алматы қалалық прокуратурасына жіберілді. Прокуратура Ә.Қосановқа қатысы қылмыстық істі Алматы қаласы Медеу аудандық сотының қарауына жолдаған көрінеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін